Көне өркениеттердің ізі саналатын геоглифтер, яғни жер бетіне салынған құпия суреттер әлемнің түкпір-түкпірінде кездеседі. Олардың көлемі мен түр-әлпеті, салыну әдісі әрқилы. Бір қызығы бұл суреттердің барлығын дерлік тек ұшар биіктен ғана көруге болады. Бүгінде ғалымдардың басын қатырған да геоглифтердің осы ерекшелігі. "Олар қалай салынған? Салынып болғаннан кейін олардың дұрыс-бұрыстығы қалай тексерілген? Ең бастысы, не үшін және кім үшін?", – деген сауалдарға әлі де жауап табылар емес. Түрлі болжам көп екені рас. Алайда ешқайсысы нақты дәлел келтіре алмай жүр. Тіпті, қарама-қайшылықтардың көптігі кейбір болжамдарды ойға сыйымсыз етті.
Бүгінде көпшілікке танымал геоглифтер Перудің оңтүстігіндегі Наска үстіртінде орналасқан. Онда 30 шақты сурет, 13 мыңға жуық сызық-жолақтар және 700-дей геометриялық пішіндер бейнеленген. Олардан бөлек, Атакама шөліндегі алып (Чили), Анд шырағданы (Перу), Блайт пішіндері (АҚШ), Уффингтондық ақ ат (Англия) сынды жер бетіне салынған бірқатар суреттер белгілі.
2007 жылы қостанайлық әуесқой археолог Дмитрий Дэй Google Earth бағдарламасы арқылы Қостанай облысын зерттей отырып, қазақ жерінде де құпияға толы геоглифтер барын анықтады. Бірнеше әдіспен салынған бұл суреттер еліміздің солтүстігіндегі Торғай даласында шоғырланған екен. Солардың ішінде Торғай свастикасы, Үштоғай шаршысы, Бестам шеңбері, Қоғай кресті, Ашутас кресті сынды бейнелер ауқымы жағынан ең үлкендері болып табылады. Бұл геоглифтердің табылуы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде көлемді түрде талқығы түсті. Қазіргі уақытта олардың барлығын дерлік ғалымдар жан-жақты зерттеп жатыр.
Ескерткіштерге жүргізілген бірқатар экспедициялардың нәтижесінде олардың 3-8 мың жыл бұрын салынғаны белгілі болған. Сонымен қатар, XX ғасырдың басында жазылған тарихи деректердің бірінде Үштоғай шаршысы туралы сипаттама да табылған. Айта кетерлігі, Үштоғай шаршысы — алып жатқан аумағы жағынан Торғайдағы ең үлкен геоглиф. Жүз бір үйіндіден тұратын оның бір қабырғасының ұзындығы шамамен 290 метрге, жалпы көлемі 8 гектарға тең. Қазба жұмыстары жүргізілгенде бұл үйінділердің оба емес екені анықталды.
Үштоғай шаршысынан кейін көлемі жағынан екінші орында тұрған геоглиф — Торғай свастикасы. Триксель іспеттес бұл ескерткіштің диаметрі 94 метрді құрайды. Оның басқа геоглифтерден ерекшелігі — ол бірнеше емес, толығымен бір үйіндіден тұрады. Сонымен қатар, геоглифтің жанында диаметрлері 15 метрден 33 метрге дейін жететін 7 оба және гантель тәрізді 2 топырақ үйіндісі бар.
Қазіргі таңда ғалымдар Торғай геоглифтерін маңызы жағынан Мысыр пирамидаларынан, британиялық Стоунхенджден, Колизейден еш кем емес деп отыр. Дегенмен бүгінде зерттеу былай тұрсын, мемлекет тарапынан қорғалмағандықтан бұл ғажап ескерткіштерді сақтап қалудың өзі қиынға соғуда. Мысалы, онда адамдардың жиі барып, көлікпен ары-бері жүруі, малдың емін-еркін жайылуы — онсыз да биіктігі біраз төмендеген үйінділердің тапталуына әсер етуде. Кей нысандар адам қолымен жойылып та жатқаны белгілі. Оған бірнеше жыл бұрын Қостанай облысының оңтүстігіндегі тас жолды қайта жаңарту кезінде үстіне асфальт төселіп кеткен Қоғай крестін жатқызуға болады. Бұл біз білетін бір дерек қана, ал біз білмей жоқ боп кеткен ескерткіштердің саны қаншама?
Айтылған олқылықтардың алдын алу үшін де жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кеткеніміз жөн болар. Солардың қатарына 2016 жылдың 10-16 қыркүйегінде өткен QazaqGeo бірлестігі ұйымдастырған арнайы экспедициясын жатқызуға болады. Бұл экспедицияға археологтар, гидрогеологтар, туризм саласындағы сарапшылар, ГИС-мамандар, топотүсірілім саласындағы мамандар, сонымен қатар, Tengrinews.kz және Massaget.kz басылымдарының тілшілері қатысқан еді. Алты күн ішінде экспедиция мүшелері екі мың шақырымға жуық жер жүріп өтіп, бірнеше геоглифтерді көріп қайтты. Енді дайындалған деректерді жинақтап, тиісті мекемелерге бұл аймақты қорғауға алу туралы өтініш жолданбақ және GPS-қабылдағыштар арқылы ескерткіштердің нақты географиялық координаталары анықталып, олардың 3D модельдері жасалмақ.