- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Төлқұжатыңыз жоғалса......
Төлқұжатыңыз жоғалса...
Қазіргі таңда шетел асу, ел көру, жер көру деген қолжетімді дүниеге айналды. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысып жүргендердің қатары да көз қуантады. Жат жерде не болмайды десеңізші? Адасып кетуіңіз, жүктеріңізден айрылып қалуыңыз, ақшаңызды ұрлатып немесе төлқұжатыңызды жоғалтып алуыңыз әбден мүмкін. Соңғысының жоғалуы – ең қиыны. Себебі, құжатыңыз болмаса, Отаныңызға қайта орала алмайсыз. Ақша, киім – бәрі де табылады, ал құжаттың орны бір бөлек...
Сонымен, құжатыңызды жоғалтып алсаңыз не істейсіз? Ондай жағдайдың алдын алуға бола ма?
1. Шекара аспас бұрын, шетелге шығу төлқұжатының (заграничный паспорт) бірнеше көшірмесін жасатып алыңыз. Көшірме виза қойылған бетке де жасалуы керек. Саяхат барысында құжатыңыз жоғалса, қалпына келтіру оңай болады.
2. Сапарыңыз бағытталған елдегі қазақстандық елшіліктің мекенжайын, телефонын, жұмыс істеу уақытын алдын ала жазып алыңыз.
3. Өзге елде жүріп төлқұжатыңыз жоғалса, жоғалғаны туралы анықтама алу үшін жергілікті полиция бөлімшесіне бірден хабарласыңыз. Сонан кейін қазақстандық елшілікке барыңыз. Онда сізге Қазақстан Республикасына қайту туралы куәлік беріледі. Сіз бұл қағазды өз еліңізге оралғаннан кейін, 10 күн ішінде аудандық милиция бөлімшесіне қайтарасыз.
4. Елшілікке барғанда полиция бөлімшесі ұсынған анықтаманың нотариалдандырылған расталған аудармасын жасатып алыңыз. Бұл сізге жаңа шетелге шығу құжатын жасатқанда керек болады.
5. Мұндай қолайсыз жағдайдың алдын алу үшін төлқұжатты қона үйдің темірсандығында немесе пәтерде сақтаған жөн. Құжаттың керек болып қалатынын білсеңіз, өзіңізбен бірге нотариалдандырылған расталған көшірмені алып шыққан дұрыс.
Ал кейде шетелде емес, туған қаламызда жүріп те жеке куәлігімізді жоғалтамыз немесе ұрлатамыз. Мұндай жағдайда да төмендегі нұсқауларды біле жүрген артықтық етпейді.
Есіңізде болсын, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 377-бабына сәйкес, құжатсыз немесе мерзімі өткен құжаттармен жүруге болмайды. Басқаша жағдайда айыппұл салынады.
Сонымен, жеке куәлік жоғалған жағдайда, бірінші тұрғылықты жеріңіз бойынша АІІД бөлімшесіне жүгіну керек, ол жерде тергеуші сізге құжаттың ұрланғаны я жоғалғаны туралы анықтама береді. Әрі қарай негізгі құжатты қалпына келтіру үшін тіркелу орны бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бару керек.
Жеке куәлікті қалпына келтіру үшін өзімен бірге мынадай құжаттар болуы керек:
1) АІІД құжаттың ұрланғаны туралы анықтама;
2) жеке куәліктің жоғалған жағдайларын көрсетумен жазбаша өтініш;
3) ұрланған жеке куәліктің көшірмесі (бар болған жағдайда);
4) 0,2 АЕК (370 теңге) мөлшеріндегі мемлекеттік баж алымды төлеу туралы түбіртек;
5) төлқұжат (бар болса тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
6) мекенжай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі (үй кітабы) тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
7) 3,5 x 4,5 см. өлшемді 2 фотосурет.
Жаңа құжатты алғанға дейін сізге уақытша жеке куәлік беріледі. Оны ХҚКО қызметкері азаматтың қалауы бойынша – мемлекеттік немесе орыс тілдерінде қолмен анық толтырады. Уақытша жеке куәлікке азамат туралы мынадай мәліметтер енгізіледі: тегі, аты, әкесінің аты, туған күні және орны, ұлты (қалауы бойынша), тұрғылықты мекенжайы, орган және берілген күні, қолданылу мерзімі, азаматтың қолы.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: newskaz.kz, egov.kz