- Негізгі бет
- Қазақстаным
- ТМД-дағы ең үлкен...
ТМД-дағы ең үлкен аспалы көпір – Қазақстанда
Ертістің арғы жағы мен бергі жағын ғана емес, Азия мен Еуропаны, қыр мен Сібірді жалғастырып жатқан "Аспалы көпір" – Шығыс Қазақстанның жеті кереметінің бірі саналады. Стратегиялық маңызы зор нысан – Семей жұртына Тәуелсіздіктен кейін келген тарту. Мұндай көпірлер тек АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінде ғана салынған. Яғни, "Аспалы көпірдің" Алаш жұрты үшін абыройы асқақ, бағасы қымбат.
Аспалы көпір – құрылысының негізгі бөлігі иілмелі, жұмсақ материалдардан (шоғырсым, болат арқан, шынжыр) жасалатын, ұзыннан-ұзақ тартылған көпірдің бір түрі. Көпірдің негізгі жолы ілгектер арқылы діңгектерге бекітіліп, аспанда қалқып тұрады.
Семей қаласының мақтанышы саналатын аспалы көпір ТМД мемлекеттерінің ішінде жалғыз, ал әлем бойынша көлемі жөнінен 17-ші орынды иеленеді. Аспалы көпір – қала өңірінің оң жағы мен сол жағын байланыстыратын теңдесі жоқ құрылыс нысаны. Бұл көпірден күніне 60-80 мыңнан астам көлік қаланың ана бөлігінен мына бөлігіне жүйткіп өтеді. Ал жалпы Семей қаласында қаланының екі бөлігін біріктіріп тұратын үш көпір бар: біреуі – теміржол көпірі, екеуі – жай көпір.
Көпір құрылысы сонау Қазақстан Республикасы енді ғана бой көтеріп, қиын қыстау кезеңді өткеріп келе жатқан сәтте қолға алынған. Ол кез ел экономикасы әлі еңсе тіктей қоймаған, бұлыңғыр кезең болатын. Жаңа көпірдің құрылысы туралы шешім Үкімет қаулысымен 1998 жылы қаңтар айының 24-ші жұлдызында қабылданған. Көпір жер сілкінісіне төзімді етіліп жасалған. Көпірдің кеңістіктегі ұзындығы – 750 метр, ал жалпы ұзындығы – 1086 метр. Ені – 35 метр, биіктігі – 90 метр.
Жобаны «Исикавадзима-Харима Хеви Индастриз Компани» деп аталатын Жапон компаниясы дайындаған. Құрылысты жапониялық «IHI» мен Түрік елінің «Аларко Алсим» фирмасы біріге отырып жүргізген.
Түркияның «Алсим Аларко» фирмасы көпірге келіп тоғысатын 16 шақырымдық жол торабымен айналысқан. Ал оған қатынаған жұмысшылардың 90 пайызынан астамы жергілікті тұрғындар болған. Көпірдің басқа көпірлерден бірден бір ерекшелігі — жол бетіне табиғи асфальт төселгендігі. Табиғи алфальт өте берік және ауыр жүкті транспорттарға төзімді келеді. Мамандардың айтуынша, асфальт Кариб бассейніндегі Тринидад көлінен арнайы тапсырыспен әкелінген екен.
Көпірді салу барысында мемлекет қорында кей қаржылық қиындықтар туындаған соң Қазақстан және Жапония елдері қаржыландыруды бірлесе шешкен. Жалпы екі ел арасындағы келісім бойынша Жапония мемлекеті 165 миллион АҚШ долларын бөлген. Бөлінген ақшаны Қазақстан Үкіметі 2,7 пайыздық мөлшермен 30 жыл көлемінде төлеп бітуі тиіс.
Жоспар бойынша, көпірдің құрылысы толығымен 42 ай ішінде салынып бітуі керек болған, алайда құрылыс нысаны мерзімінен бұрын аяқталып 2000 жылдың 17 қазанында пайдалануға берілген.
Н. Нұрмаханұлы