- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Тіл мерейін үстем...
Тіл мерейін үстем еткен сайыс
Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінде әскер Басқолбасшысының бұйрығымен жергілікті ұлт өкілі емес әскери қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау-сайыс өткізу бүгінде мызғымас дәстүрге айналған. Осы бір игілікті шара жақында генерал-майор Әлібек Серәлиев қолбасшылық ететін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында да ұйымдастырылды.
Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттілігіміздің өзегі Ата заңымызда мемлекеттік деңгейде қолданылып, қорғалатын, мемлекеттік қатынастардың бірден-бір құралы, яғни мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені тайға басқандай анық көрсетілген. Тарих тезі, уақыт тағдыр талайымен отаршыл саясат жылдарында ана тіліміз бірталай қағажу көріп, жаппай қолданыстан жасанды түрде шеттетілді. Ресми мекемелердің босағасынан сығалаудан қалды. Мұның бәрі, әрине, өткен тарихтың еншісінде. Бүгін қазақ елі еңсесін ерте тіктеген, керегесі кең, өзгелермен терезесі тең ел! Егемендіктің арқасында барлық салада өсу, өну, көркею байқалады. Тәуелсіздік туған тілімізге де тың серпін берді. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, мемлекеттік деңгейде насихатталуда. Қоғамда да қазақ тіліне деген көзқарас, қызығушылық бұрынғыдан өзгеше. Көпшілік қазақ тілінің болашағын өзінің болашағы деп қабылдайтын деңгейге жеттік. Жыл санап саны артып жатқан қазақ тілді балабақша, мектептер, ондағы әртүрлі диаспора өкілдері бұл сөзімізге дәлел. Тілге деген талпыныс ересектер арасында да қарқынды. Түрлі мекемелер жанынан мемлекеттік тілді үйрететін орталықтар ашылып, мақсатты насихат жұмыстары жүргізілуде. Өзге ұлыс өкілдерінің теледидардан қазақ тілінде хабар жүргізіп отыруы бүгінде қалыпты жағдайға айналды. Бір сөзбен айтқанда, тіл үйренсем, сол арқылы отандастарыммен ортақ тілде қарым–қатынас жасасам деген ізгі ниет кім–кімнің болса да көкейіне мықтап орнады.
Мемлекеттік тілдің болашағы жарқын, даму көкжиегі кең екеніне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» байқау–сайысына қатысып отырып тағы бір көз жеткіздік. Тек ұлты ғана емес, жас ерекшеліктері, шені мен лауазымы, отбасылық–тұрмыстық жағдайлары әр алуан сайыскерлер байқауға қатысудағы мақсат – өзге әріптестерімен бәсекелес болу, жеңіс тұғырынан көрініп жақсы аттану емес, мемлекеттік тілді насихаттауға аз да болса үлес қосу деп біледі. қазақ тілінің кең қанат жаюына мүдделілік танытып отырған әскер қолбасшылығына ризашылықтарын білдіреді.
Байқау-сайыс үш айналымнан тұрды. «Бастау», «Өрлеу», «Баяндау» сынды сайыс кезеңдерінде қатысушылар өздерін таныстырып, түрлі тақырыптар бойынша мақал–мәтел айтудан сайысып, көркем сөз оқып, отан, патриоттық сезім, адамгершілік, отбасы мен бала тәрбиесі сынды өзекті тақырыптарда ойларымен бөлісті. Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларында орналасқан 7552 3650 6654 3656 5514 5513 6506 5547 әскери бөлімдерінен келген сержант Антон Кочергин, майор Эдуард Усков, кіші сержант Алексей Мешков, аға прапорщик Анатолий Кононенко, лейтенант Мақсат Пастьян, ефрейтор Алексей Синкькевич, сержант Николай Шагеев, сержант Константин Магрицкий «өнер алды – қызыл тіл» екенін терең түсінетін, тілге деген құрмет, ілтипаттары ерекше жандар екенін бірден аңғартты.
Сайыскерлер арасынан шын мықтыны анықтау жазушы, баспагер Талғат Айтбайұлы, ақын Бүбішхан Тікебаева, ІІМ Ішкі әскерлер комитеті Ақпарат және тіл саясаты бөлімінің аға офицері майор Шапай Сәкенов, Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасының кеңесшісі Светлана Бакмағанбетқызы бастаған қазылар алқасына да оңайға түспеді. Алайда, сайыс болған соң, жеңімпазды анықтау – парыз.
Қазылар алқасының мүшесі, жазушы Талғат Айтбайұлы ағамыз сайысты ұйымдастырушыларға, қатысушыларға алғысын білдірді.
Біз де әскер қатарында болдық. Кеңес Армиясы еді ол. Сан алуан ұлт өкілдері өзге тілде сөйледік. Өз тіліміз өгейлік көрген әскерде қызмет еттік. Бүгін, құдайға шүкір, ахуал өзгеше. Қаракөздерімізден басқа, диаспора өкілдерінің де қазақ тілін үйренуге талпынуы қуантады, жігерлендіреді. Қазақ тілінің жанашырлары әскер қатарында да көп екенін көріп, шын қуанып тұрмын, – деген жазушы «Толағай» баспасынан жарық көрген кітаптарды әскери бөлім кітапханалары мен қатысушыларына табыс етті.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды 7552 әскери бөлімі 5 атқыштар ротасының күзет және қорғаныс бекеті бастығы (оператор) сержант Антон Кончергин иеленді. Жүлделі екінші, үшінші орындарды Қызылорда қаласында орналасқан 5547 әскери бөлімінiң асхана бастығы сержант Константин Магрицкий мен Талдықорған қаласында орналасқан 5514 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы лейтенант Мақсат Пастьян өзара бөлісті. Жүлдегерлер мен қатысушылар өңірлік қолбасшылық қолбасшысының дипломдарымен, алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайыс соңы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория шәкірттері мен Алматы қалалық жастар мәдени орталығы өнерпаздарының концертіне ұласты.
Жолдаған: Дархан Мұханов, Ішкі әскерлер «Өңтүстік» өңірлік
қолбасшылығының қоғаммен байланыс жөніндегі офицері
Сурет: автордікі
А. Құлтай