Ұлттың құндылығы ең әуелі – оның тілі. Сол ұлт қана көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан ана тілімен көркейіп, кемелдене түспек. Ана тілі – халқын тура жолдан тайдырмаған, «қапиядан жол, қапылыстан сөз таба білген» көсемдер тілі, елдің беріктігін сақтаған билер тілі. Сондықтан да тіл еркін болмай, ой еркіндігі болмайды.
«Тілді ажал аузында деп қай кезде айтуға болады, сол тілде сөйлейтін жас ұрпақ одан безінген кезде»,– дейді Дэвид Кристал. Ащы да болса шындық, кейбір қатарластарымыз өз ана тіліне менсінбей қарайды. Өзге тілде мәнерлеп сөйлеп, ел назарын өздеріне аударғысы келеді. Бұл кісімсіну қисынсыз әдетке айналғандай. Шынымды айтсам, мұндайларды аяймын. Ұлттық тәрбие жоқ жерде, қазақтың салт-дәстүрі ұмытылған тұста, тілге қандай құрмет болсын? Мәселен, мен Қапшағай қаласында тұрамын. Мұндағы қазақ балалардың дені тілді шұбарлап, түрлі жаргонмен сөйлейді. Осындайда еліміздің заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «тіл салақ сөйлегеннен бұзылады» деген сөзі ойға оралады. Өзім сынды тірліктің түйткілімен ауылдан келген қатарластарым ғана қазақы мінезді. Ауылда неге туылмадың деп сөгуге қақымыз жоқ, әрине. Тек үйдегі тәрбиенің олақ тұстары қаланың тас көшелеріне жараса кеткендей ме, қалай өзі? Олар осылай пайымдайды.
Тіл болмысын талай ғасыр бойы қастерленіп бізге жеткен ауыз әдебиеті мен алаш арыстарының айға ұмтылған армандары – тәуелсіздік деп тебіренген тағдырларынан танып келеміз. Тарихында «мың өліп, мың тірілген» қазағым үшін сүйінем, шұбар тілді қазақтар үшін күйінем. Бары – осы. Ертеңім үшін алаңдаймын.
Жолдаған: Айда Бекеева, 11 сынып оқушысы
Райымбек ауданы, Қызыл шекара ауылы
Сурет: aktobegazeti.kz