Бүгін біздің ұлттық валютамыз жиырма жасқа толып отыр. Осы орайда жиырмадағы жасөспірімнің дүниеге келуінен бастап, бүгінге дейінгі басқан қадамдарынан хабар беріп өтуді жөн көрдік.
Ұлттық теңге 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен енгізілді. Оған дейін еліміз ақша таңбаларын, нұсқауларды, нормативтерді Мәскеуден алатын болған. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Қазақстанға бәрін де нөлден бастау керек болатын.
Республиканың Жоғарғы Кеңесінде және Үкіметінде өткізілген Ұлттық валютаның атауы туралы кеңейтілген жабық пікір-таласта С.Тәкежанов ұлттық валютаны — Теңге, ал оның жүзден бір бөлігін — Тиын деп атау туралы ұсыныс жасайды. Ұсыныс қабылданғаннан кейін теңгенің дизайнын дайындауды Т.Сүлейменов жетекшілік ететін дизайнерлік ұжым қызу жұмысқа кіріседі.
Көптен күткен ұлы той! Қазақтың төл теңгесі дүниеге келді. Теңге Англиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын ағылшын компанияларының бірінде жасалды.
Ең алғашқы валютаның оң жақ бетінде әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Ш. Уәлиханов, А. Құнанбаев, Әбілхайыр хан, Абылай хан сынды қазақтың тұлғалары бейнеленді. Ал теріс жағынан қалалардың көрнекті орындары, Қазақстанның көзтартарлық көріністерді, тастағы суреттер, ұлттық өрнектер орын алды.
1995 жылы мамыр айының 19 жұлдызында Қазақстан өмірінде елеулі оқиға – банкноттық фабрика ашылды. Оның ашылу салтанатына елбасы Н.Назарбаевтың өзі қатысады.
ТМД арасында 4 елде ғана банкноттық фабрика бар. Олар: Украина, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан. Банкноттық фабрика ұлттық валютаны ғана емес, қазақстандық, тәжікстандық төлқұжаттарды, басқа да құнды қағаздарды, әртүрлі куәліктерді, вексельдерді, маркаларды, лицензияларды, буклеттер мен дипломдарды, аттестаттарды, жол жүру және лотореялық билеттерді жасап шығарады.
Қазақстандық тиын шығару мекемесі Өскемен қаласында орналасқан. Ол 1998 жылы ашылған. Осы жылдан бері біздің тиындарымыз осы жерде соғылып келеді (бұған дейін Германияда жасалған).
2006 жылы ұлттық валютаға бірнеше өзгерістер енгізілді. Бұл жолғы дизайнның авторы – Мендібай Қойшыбайұлы Әлин.
Осыдан кейін Қазақстан өміріндегі әрбір маңызды оқиғаға байланысты жеке банкнот шығару дәстүрі етек алды. Мәселен, үшжыл бұрын еліміз ОБСЕ-ге төрағалық ектенде арнайы мың банкнот айналымға енгізілді.
Біздің теңгеміз бен тиынымыз халықаралық сыйлықтарға ие болған.
Он бес жылдыққа бес мың теңгелік купюра жаңартылды. Ондағы көкжиектен шығып келе жатқан күн мен бүркіт бейнеленген жаңа стикер қара-көк түстен, қара-жасыл түске өзгеріп тұрады. Дәл осы стикер әлемдегі ең мықты болып танылды.
2007 жылдың 7-9 мамыры аралығында Бангкок қаласында өткен Currency Conference валюта конференциясында қолма-қол ақшамен жұмыс департаментінің бас дизайнері Меңдібай Қойшыбайұлы Әлиннің авторлығымен дүниеге келген 10 000 теңгелік банкнот «Ең үздік жаңа банкнот» сыйлығын иеленген.
Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнайы жасалған 10 000 теңгелік банкнот халықаралық интернет-дауыс беру нәтижесінде 2011 жылы жаңадан шығарылған ең үздік банкнот атанса, 2013 жылы 2012 жылдың үздік банкноты атағын қанжығасына байлады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: uralskweek.kz, meta.kz