Қазақ тазысының мекен еткен жеріне үйлескен, өзіне ғана ерекше бітімі мен сипаты, түр-тұлғасы бар. Соған сай аң қағарлығы, физикалық ерекшелігі аса жоғары болып келеді. Тарихи даму барысында қалыптасқан бұл жағымды қасиеттерді қазақ жерінде болған жиһанкездер мен шетелдіктер аса қырағылықпен байқаған және оның тұқымын алып кетіп өз жерінде тазысын асылдандыруға немесе жаңа тұқымды дүниеге әкелуге (мысалы, орыс тазысы) пайдаланған.
Қазақ тазысын алғаш рет әлемге танытқан жазбалар орыс тілді деректер арқылы хатқа түскен. Соның алғашқыларының бірінде қазақ тазысын "Түркістандық тазы" деген атпен былайша сипаттаған:"... Бұл – ең әдемі түркістандық тазы. Өз өлкелерінде бұл итті тазы деп атайды және оны қоянға салады. Олар өзге иттерден әдемі тұр-тұлғасымен және өзгеше күш-қуатымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, олардың бастарының формасы ұзындау. Денесінің жоғарғы бөлігінің терісі жұқа. Құлақтары үлкен әрі жібек тектес жүнді. Аяқтары да шалбар кигендей, түкті. Еуропада бұл иттер алғаш рет болып тұр. Оның бірі Ембінің бір қырғызынан алынса, екеуі самарқандтық. Бұл тазылар екі өңірден алынған соң, екеуінің де бір-бірінен айырмашылығы бар..." Тазының алыс қашықтыққа жүгіру жағынан жылдамдығына Европада бір де бір ит жетпейді дейді басылымдарда.
Тазының аңшылық сипатын анықтағанда алдынан, артынан, жанынан дене бітімінің үйлесімділігін, мүсінін, сымбатын қимыл қозғалысын назарға алады. Мысалы, үрт етінің ширақтығы, сан етінің толықтығымен қаттылығы. Қазақтар аң алатын итті шоқтығының биіктігімен, тазының төсі мен шонданайы аралығындағы өлшем қаралас келуін дұрыс деп санады. Ал төсінің кеңдігіне иттің күші байланысты болса, кеудесінің биік бітуі тыныс тарылмай шаршамай жүгіруге тура байланысты болады дейді. Ал желкесінен бастап құрыққа дейінгі өлшем иттің жылдам оқыс қимылдауына мүмкіндік береді. Бұлар тазының тұқымы жасы, жынысы, жаратылысы, бұлшық етінің жетілуіне байланысты болады. Ит өте арық болса сымбатына ғана нұқсан келмейді, ниеті қашып кетеді. Қазақ тазыларының сипаттамалары мынадай: жалпы бітімі сидаң, жүні сұйық, танауы үшкіл, делдең құлақты, жоны дөңестеу келеді. Басы - тықыр жүнді, жеңіл, әрі ұзынша біткен, жіңішке, тұмсығы - сүйір, көбінесе қара түсті; ақ, сары тазылардың тұмсығы қоңырқай, кеңсірігі сәл дөңестеу; көз жанары өткір, көзі үлкен, көбінесе қара түсті (кейде қоңырқай), қиығы тым қысыңқы емес, сопақтау келеді. Тістері ақсиыңқы, азуы үлкен, келген. Тазының құлағы шашақты, ұзындығы - 6-8см., салбыраңқы (шамамен 12-14 см.); мойны сәл қысқалау, бірақ, берік; жауырыны жалпақ, бұлшық еттері шымыр; кеудесі кең, омыраулы, кеуде еттері берік жетілген, салқы; арқасы түзу, кеуде тұсы жалпақ, құйрық жағы сәл дөңестеу; қарны жіңішке, қабысыңқы.
Тазының қол-аяқтары сіңірлері адырайған, тарамысы жуан, әрі ақсиыңқы, екі шынтағы сыртына қарай шығыңқы. Алдыңғы аяқтары ұзын сіңірлі, тырнақтары өткір, саусақтарының ортасына үлпілдек жүн өскен, алдыңғы екі аяғының арасы сәл дөңгелене біткен. Ал, артқы аяқтары сәл артқа шалқақтау орналасқан, бота тірсек, тұяқтары ұзын да өткір, жіңішке аяқтың табаны әдеттегіден жалпақтау; сирақтары жіңішке, жамбас еттері шымыр, мықты тазыларда білеуленіп тұрады. Аяқтары тойтық, маймақ емес, сымбатты біткен сыптығыр түзу болады. Астыңғы және үстіңгі жақтың өзара тістелудегі қалыпты жағдайы (прикус) қайшы тәрізді, яки үстіңгі жағы астыңғысынан сәл ғана озған бір-біріне тістесіп келген болады. Ал иектерінің біреуі екіншісінен озып шығып тұрса оны кемиек дейді және ол нашар нышанның, кембағалдықтың белгісі ондайлар жақсы тазы болып жарытпайды. Ондай күшіктерді тазы деп асырамайды. Тазының құйрығы жіңішке, шашақты келеді. Шынымен-ақ тазының құйрығы ұшына дейін сүйектеніп қатайып қалмаған тазышылар тілімен айтқанда "ою құйрық" болып келуі оның қимыл қозғалысы кезінде үлкен септігін тигізетін фактор. Өйткені тазының статистикалық қозғалыс әрекеті кезінде аңды ілгенде шұғыл бұрылу, жүгіргенде екпін алуға, бағыттауға, тепетеңдікті табуға құйрығы үлкен қызмет атқарады. Тазының "ою құйрығы" оның құйрығының ұшында омыртқасының шеміршек тәрізді жұмсақ, қимылдауға икемді болуымен түсіндіріледі. Тазының құйрығы тірсегіне дейін жетіп тұрса жақсылықтың белгісі, тұқымы асыл деп бағалайды қазақ аңкөстері. Оған қоса шашақтары болса ол тіптен тамаша. Тірсегіне құйрығының ұшы жетпесе немесе онан асып кетсе ол жақсы тазының белгісі емес. Құйрығы қамшы тәрізді тазы ол "тайған" тұқымынан делінеді. Ондай "қамшықұйрық" тазының құйырығының ұшында омыртқа болмайтындықтан иіріліп дөңгеленбейді. Тайған мен абориген ауған тазысы тұқымы жағынан жақын туыстар және тауда аң алатын иттерге саналады.
Тазының жүні тықыр бол ғанмен, құлағы мен құйрығының шашағы жібектей үлпілдек. Түсі көбінесе ақ, қара, сарғыш, көк қасқа, қызылқоңыр болып келеді, алабажақ теңбіл түстері кездеспейді. Қазақ тазысының биіктігі: арланында - 65-70 см (салюки мен ауған тазыларымен сәл ғана, 2-5 см аласалау), салмағы 20-25 келіге дейін жетеді (салмағы екі пұтқа дейін жететін арлан тазылар сирек те болса кездесіп қалады). Қырым, Кавказ тазыларымен салыстырғанда қазақ тазысының тұрқы 5-6 см ұзын. Ал салмағы 4-5 кг ауыр келеді. Тазының дене бітімі мен сипатына қарай өз деңгейі болады. Мысалы Сөгетідегі "Саятшы клубы" құсбегілерінің Көкдауыл атты тазысы түлкілік деңгейдегі бойы мен дене бітімі орташа, кесек емес, бірақ көз ілеспес жылдамдығы бар ұшқыр. Ол бір аңшылық маусымда 29 түлкі, 2 мәлін алған. Әзірше қазақ даласында өте жүйрік тазы өте сирек кездеседі. Тазының түсі көк қасқа болса, алғыр әрі қажып-шаршауды білмейтін, тазының нағыз құмайы саналатын көрінеді. Қазақ аңшылары тек сондай тазыларды ғана тәуір деп есептейді екен. Арқа жақта өмір сүрген Ақпан аңшы (1900-1953) жүйрік иттің сынын жақсы білген. Жүйріктазыларды көргенде: "Мынау жыланбас, түлкі тұмсық, қасқыр шеке екен" немесе "теріс азу, сағақты екен, жарғақ құлақ жалықпастың өзі екен, салқы төс, кеудесі, шынтағы қабырғадан жеке тұр екен. Сүйектері буынды, жұмыр кең қабырға, қысқа бел, шоқпар сан, арты маймақ, жүнді аяқ жұмыр табан екен" деп мықты тазыға баға беріп отырады екен.
Жалғасы бар...
Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің " Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.
Сурет: Мassaget.kz