Тазыны күшіктей алса, үйретуге жеңіл әрі ыңғайлы болады, аңшының өз икеміне жарарлықтай етіп тәрбиелейді. Тазыны үйрету, баулу көптеген халықта ортақ немесе бір-біріне ұқсас қырлары көп құбылыс. Ол негізінен төрт сатыдан тұрады: дайындау немесе бой үйрету, бойсындырып дағдыға үйрету, арнайы баулу және оларды әбден бойға сіңіру.
Алғашқы саты тазы күшігінің екіден алты ай аралығын қамтиды және қарғыбауға үйретумен ерекшеленеді. Күшіктерге бір ай толған соң тазыға тән белгілері біліне бастайды: тұмсықтары сүйірленіп, белі тіктеніп, құйрықтары "ою-құйрықтана" бастайды, аяқтары тақыр, құлақтары салпаң құлақтанған, құлағында шашақтарының нышаны бар, төсі шынтағына жетіп тұрады. Осы кезден үйретуге қолға алады. Тазы күшігіне үйдегі кез келген адамның айқайлап, жекуіне болмайды. Қарғыға, тұмсыққапқа, жетекке үйреткенде де аса ұқыптылықты талап етеді. Олар күшіктің бір жеріне батып, қорқытатындай болмауы керек 1,5-2 айлығында мойынына жұмсақ шүберек байлаудан бастайды да, бірте-бірте оны нағыз қарғыбаумен алмастырады да ойнағанда т.б. қимыл-әрекеттерде оның әсеріне көндігіп, дағдыланатындай болуы керек. Алты-жеті айлығында иесінің әсіріне толық бағынатындай етіп "баулиды". Күшікке қойған өз атына және қарғыға, жетекке жүруге үйрету - кезекті жаттығу жұмыстарының алғашқыларының бірі. Ең әуелі түлкінің құйрығымен ойнатып үйретуден бастайды. Егер осы кезде тазыға тән қылықтанытып, онымен әуестенсе, онда күшігіңіздің алғыр болатындығының белгісі. Оны үйрете, тәрбиелей білсе бұйрықты мүлтіксіз орындайтын дағды қал ыптасады. Тазы күшігін түлкі құйрығымен ойнату себебі:
1. Тазының мойны қатпайды.
2. Кейін түлкі қуғанда алданбайды.
Итті тұмсыққапқа, тұмылдырыққа, иесінің айтқанын екі етпей, оның жанынан ұзамай, бос әрі қатар жүруге үйрету-баулудың алғашқы түрі. Бұл - қазақ аңшылығында қалыптасқан дүние емес. Тамаққа жай шақырғанда жетіп келуге дағдыландыру, оның "отыр" деп бұйырғанда жанында шоқиып отыруға үйретеді. Ол үшін ұзындығы бір құлаштай қайыс шыбыртқымен жекіп, кейде шықпыртып алады. Мұнан кейінгі сатыда бұйрықтар санын көбейтіп, тазыны "Кел! Кет! Отыр! Тұр! Ізде! Жат! Тәйт!" дегендей бұйрықтарға дағдыландырып, сүйретпеге салып қояды, қабаған мінезі жаман тазыларға қажет деп тапса тұмылдырық кигізіп қояды. Итті қыдыртқанда, тамақтандырғанда, күткен сәттерде иесіне, өзіне қойылған атқа дағдыландырады. Тазыны баулуды бастаған кезде оны сипалап, еркелеткенді ұнататыны белгілі, әрі аса зорықтырмай, аяқтарының табанын жараламауды қарастырады. Отырған тазының өз орнынан тұрып барып, алыста жатқан, атаған затты әкелуге, жағымсыз әдеттерге тыйм салып, бөгде адамның берген тамағын немесе өзі тауып алған тамақты ішіп-жемеуге үйрету, келесі күрделі дағдының қатарында. Иттің үре жүгіріп, тыныштық сақтауға үйрету де оңай шаруа емес, оған да шыдамдылық пен тынымсыз еңбек керек. Шақыруға үйренген соң "жасырынбақ" немесе жасырған затты табуға машықтандырады. Ол үшін күшік ұзап кетіп, шақырғанға келмесе, иесі жасырынып қалады. Бұл кезде күшік аласұрып иесін іздей бастайды, кейде жалғыз қалғаннан қорқады. Осы кезде жасырынған жерден шыға келіп, атын атап шақырса тазы күшігі балаша қуанып жетіп келеді.
Тамақты көрісімен, шоқиып отыруға "отыр", "жарайсың" деп бұйрық беріп тамақ ұсынады. Ал ол ересектеу болып, айтқанға көне қоймаса, сол қолмен оның бөксесін басып, жетек бауын жоғары көтеріп: "отыр" деген бұйрық қайталанады. Дауыс "үр" деп бұйрық береді. Бұл арада оның табиғи қасиеті, инстинкті әсер етіп, ол дауыс шығарып үреді. Сондықтан оның алдын ала айту керек және үрсе, қолдағы етті беріп, еркелете сипалау дұрыс. Осы жаттығу әлденеше рет қайталанғанда итте шартты рефлекс пайда болады. Қыдырыстап жүргенде тауықты, мысықты қуалап, не жерден бірдеңе тауып алып жұлқылап мұжыса, затты күшіктен тартып алады да, "Тоқта", "Тиме" деген тыйым салу бұйрығын өктем түрде қайталайды, ақырын шыбыртқымен ұрады. Итті бөгде адам берген, не тауып алған тамаққа "немқұрайлы" қарауға, оған көңіл бөлмеуге үйрету үшін алдымен оның өзі тамақтанып жүрген жерден басқа жерде тамақтануға тыйым салынады. Сондықтан оның тамақтанып жүрген итаяғын басқа жерге қою керек. Иттің бөгде адам қолынан тамақ жемеуі де бар екенін айта кеткен жөн. Мұнда ит байлаулы не иесінің жанында жетекте болуы тиіс. Сонда оның жанынан өтіп бара жатқан бейтаныс адам иттің атын атап, бір кесек етті көрсетеді. Егер ит қолдағы етке ұмтылса, иесі "тиме" деген бұйрық беріп, жетекті жұлқи тартады.
Шамамен он ай уақыт өткен соң баулуды, аңға ауыздандыруды бастайды. Тазыны үйрету мен баулуды бұрын аң алып жүрген кәнігі тазылармен аңға қосып "ауыздандыру", яғни баули бастау дұрыс дейді қазақ аңшылары. Тазы күшігін жасынан аң ұстауға, із кесу машығына баулиды, мылтықтың үніне етін үйір етеді. Табиғи жаратылысынан үйретілген тазылар аңшы "Ізде" деп бұйрық бермей-ақ өзі ізге түсіп қуып жетіп бастаған кезде қосатын аңына жете алмай шайлығып (беті қайтып) қалмас үшін иттің алатын аңының бірін ұстап, аяқ буынын (сіңірін) арқанмен тартып байлап, оның жылдамдығын кемітіп, жазық кең далаға босатып жібереді. Бірақ үйретуші-аңшының өзі де қабаттаса шауып, одан қалмауы тиіс. Сонда ол ит жетіп, ұстаған жыртқыш аңды соққыға жықпаса, тәжірибесіз жас итті оның жазатайым етуі ықтимал. Ондай сіңірі қолдан тартылған аңға итті қосу қашықтығы 20-30 метрдей болуы керек. Аңға қосуға үйрету, жаттықтыру мерзімі күшіктің туғаннан кейін 10-12 ай толғанда басталуы керек. Күшікті үйретіп, жаттықтыру су құстары ұшпаған кезде, яғни олардан із, иіс қалатын сәттерде басталатыны аңшылық кәсібімен айналысатын тәжірибелі мамандар ұдайы ескертіп отырады. Және ол ит өзі ұстаған "олжасын" міндетті түрде иесіне әкеліп беретіндей етіп, тәрбиелеуі тиіс.
Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. " Саятшылық - қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.
Сурет: gdb.rferl.org