- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Танымал адам есімі...
Танымал адам есімі берілген Қазақстан әуежайлары
Жақында Қостанай әуежайына ғалым әрі қоғам қайраткері, Алашорда өкілі Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген еді. Қазақ зиялысының өзі осы Қостанай облысына қарасты Торғай өңірінде дүниеге келген. Соған орай өңірдің ірі инфрақұрылымына қоғам қайраткерінің есімі беріліп отыр.
Қазақстанда әуежайға танымал адамның есімін беру тенденцияға айналған. Ендеше қазақтың қай біртуар, шоқтығы биік тұлғаларының есімі әуежай атауына берілген екен, соны қарастырып көрейік.
Әлия Молдағұлова әуежайы
2021 жылы Әлия Молдағұлованың есімі Ақтөбе қаласындағы халықаралық әуежайға берілді. Атау беру туралы шешім Үкіметтің қаулысымен жүзеге асты.
Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы – еліміздің батыс бөлігіндегі өнеркәсіптік өңірде орналасқан Батыс Қазақстанның әуе қақпасы. Ақтөбе облысы – мұнай-газ бен тау-кен өндірісінің орталығы, Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан облыстарының бірі.
Ақтөбе әуежайы Еуропа мен Азияны байланыстырып жатқан аэронавигациялық трассалардың қиылысында орналасқандықтан, халықаралық атауының себебі осында. Әрі Батыс Қазақстанның көлік инфрақұрылымының бір бөлігі саналады. Әуежай ел ішінде, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерге ұшатын әуе кемелеріне қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта Ақтөбе әуежайынан күніне 8 рейс ұшады.
Кеңес Одағының батыры, мерген Әлия Молдағұлова 1925 жылы Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келген. Қазір туған ауылы – Бұлақ ауылында Әлияның тұрған үйінің орны мен ескерткіші һәм музейі бар.
Хиуаз Доспанова әуежайы
Атырау қаласының халықаралық әуежайына 2020 жылы қаһарман ұшқыш Хиуаз Доспанованың есімі берілді. Бұл әуежай 1931 жылы салынған.
Атырау қаласы да мұнайлы өлке саналады. Жеңістің 75 жылдығына орай қала әуежайына Қазақстанның Халық батыры Хиуаз Доспанованың есімі берілді.
Хиуаз Доспанова – қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз. Ол екінші дүниежүзілік соғысы кезінде 588-ші түнгі бомбалау авиаполкінде қызмет етіп, Оңтүстік фронтта, Солтүстік Кавказда, Украина мен Белорусияда арнайы тапсырмалар орындаған. Екі мәрте ауыр жараланғанына қарамастан, соғыс алаңына оралып, жеңісті Берлинде қарсы алған.
Атырау әуежайынан аптасына 5 ішкі бағыт бойынша 84 тұрақты рейс, сондай-ақ, 4 бағыт бойынша аптасына 12 халықаралық рейс орындалды.
Мәншүк Мәметова әуежайы
Орал қаласының халықаралық әуежайына да Мәншүк Мәметованың есімі берілген. 2021 жылдан бері. Батыр қыздың есімін беру бастамасын жергілікті қоғам белсенділері мен депутаттар көтерген. Кейін үкімет қаулысымен әуежайға батыр есімі берілді.
Мәншүк Мәметова – Орал облысының (қазіргі БҚО) тумасы, Ұлы Отан соғысына қатысушы. Ол Қызыл Армияда пулеметші болып қызмет етті. Ол 1943 жылдың күзінде қайтыс болды, соңғы шайқаста 70-тен астам жауды жойды. Қайтыс болғаннан кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы
Елордадағы халықаралық әуежайға 2017 жылы "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" деген атау берілді. Оған дейін Астана халықаралық әуежайы деп аталған.
Бұл әуежай 1931 жылы салынған. Қазіргі таңда Еуразия құрлығындағы заманауи әуежайлардың бірі саналады. Әуежайда тәулік сайын алыс және таяу шетел аймақтарына ұшатын 80 шақты ұшаққа қызмет көрсетіледі.
2021 жылы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті.
Н.Назарбаев халықаралық әуежайынан облыс орталықтарына, ТМД елдеріне, Франкфурт, Әбу – Даби, Ыстамбұл, Бейжің, Анталья, Үрімші, Шарджа, Лондон, Бангкок қалаларына дейін рейстер ұшады.
Қорқыт ата әуежайы
Қызылорда қаласындағы әуежайға Қорқыт атаның аты берілген. 2001 жылдан бері. Сыр еліндегі бұл әуежайға 2014 жылы "халықаралық әуежай" деген атау да берілді.
Инфрақұрылымның өзі 1986 жылы ашылды. Қазіргі кезде Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент және Қарағанды қалаларына рейс ұшады.
Ахмет Байтұрсынұлы әуежайы
Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі 2022 жылы берілді. Бұл да халықаралық әуежай саналады.
Іргетасы 1970 жылы қаланған. Қазіргі таңда Алматы, Атырау, Нұр-Cұлтан, Шымкент қалаларына ұшақ ұшады. Сондай-ақ Анталья, Шарм-эш-Шейх қаласына қарай чартерлік рейс бар.
Ахмет Байтұрсынұлы – мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының рухани көсемі, қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы, ғұлама, ел тарихында өшпес із қалдырған ұлт ұстазы.
Ол 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген.
Айта кетейік, Қазақстанда әуежайға ат беру мұнымен шектелмейтін сыңайлы. Алматы қаласындағы халықаралық әуежайға Дінмұхаммед Қонаевтың, Семей әуежайына Абай Құнанбаевтың есімін беру туралы ұсыныстар айтылған. Мұндай ұсыныстар өңір-өңірден де айтылуы мүмкін.
Қ. Слямбек