Демалыс – жаңа аптаға күш-қуат, құлшыныс тудыру үшін керек мүмкіндік қана емес, жақын адамыңызды қуантуға болатын ерекше күн. Жұмыстың көптігінен сүйіктіңізге сәйкесінше көңіл бөле алмай жүрсіз бе, демалысты пайдаңызға асырыңыз.
Таң атқаннан-ақ, ол сіздің ықыласыңызды байқауы керек. Әдемі сөздер жазылған смс жолдаңыз, жарыңыздың бас жағына гүл шоғын қойыңыз, ал келіншектер бұрын соңды дайындамаған тағамдардан таңғы ас дайындап қойса тіптен керемет!
Сүйіктіңізге бүгінгі күнді тек онымен өткізгіңіз келетіндігін жеткізіп, бірге жоспар құрыңыздар. Егер тосын сый жасағыңыз келсе, біз жазатын қадамдарға сүйенсеңіз болады.
Күн тас төбеге шығып, ысымас бұрын, ғашығыңыздың қолынан ұстап бақша аралаңыздар. Құстар ән салған, гүл иісі мұрын жаратын бақта жаныңа жақын адаммен жүрген қандай керемет! Саябақтарда серуендеп, кішігірім фотосессия жүргізіп көріңіздер. Бір-біріңізге дүниедегі ең әдемі, ең жылы сөздерді айтып, барынша еркелетуге тырысып бағыңыздар. Көктем шыққалы балмұздақ жемедіңіз бе? Бүгін бұрын соңды жемеген балмұздақтан дәм татыңыз.
Сүйіктіңіз көпшілік ортаға қарағанда тыныш, оңаша ортаны ұнататын болса, бірге тауға, көкке шығуға болады. Бұл - таза ауа құшағында демалып, өткен-кеткенге есеп беріп, болашаққа жоспар құруға таптырмас мүмкіндік болмақ. Ұялы телефондарыңызды өшіріп, қолдарыңызға тек қана кітап пен пайдалы тағамдарды алып, қызықты уақыт өткізуге қалай қарайсыз?
Ролик тебуге, боулинг ойнауға, ипподромға баруға құлшыныс бар ма? Өміріңізде бір рет болсын парашюттен секіруге де болады немесе қайыққа, катамаранға мініп, су бетінде серуен құруға да кеңес берер едік. Балалық шақты еске түсіремін деушілер әртүрлі аттракциондарға барып, адреналин алып қайтсын. Бойыңызды қорқыныш билегенде, жаныңызда қорған болар адамның бар екенін сезінудің өзі неге тұрады?
Түскі асты ашық аспан астынағы кафелердің бірінде ішіп, қаладағы көрмелерге, мұражайларға аттаныңыздар. Күлдіргі адамдардың қатысуымен өтетін цирктерге баруға да болады. Мұндай қойылымдар барлық кедергілерді ұмыттырып, балаша шаттануға мүмкіндік береді.
Кешке дейсіз бе? Кешке нұсқалар көп. Өз қолыңыздан дайындалған тағамдармен кешкі ас... Әсіресе, мұны жігіттер қауымы қолға алса тіптен керемет болады. Немесе, жапония, италия, корея асханаларына кіріп, әлі татып көрмеген тағамдарды жеңіздер. Ойын-сауық орталықтарын аралаңыздар. Бір-біріңізге киім таңдауға көмектесіңіздер. Сүйіктіңіз ән айтқанды ұнататын болса, караоке есігін қағу. Қаладаға концерттердің біріне бас сұғу. Соңғысы – театр немесе кинотеатр. Комедия, мелодрама жанрындағы кинолар демалып, армандауға, шексіз күлуге мүмкіндік ашады.
Көріп отырғаныңыздай, қызықты демалыс өткіземін деушілерге ұсыныстар көп. Бәрі де құлшыныс пен қиялға байланысты. Креативті болыңыз, сүйіктіңізді қуантыңыз!
Естен кетпес тәтті сәттеріңіз көп болсын!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: www.dk-studio.kzғ fedorov.kz, alma-ata.alm.slando.kz