- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Сургутановтың ұшағындағы компас...
Сургутановтың ұшағындағы компас тілінің ауытқуына не әсер етті?
1949 жылдың 18 ақпанында Сарыбай шатқалында күтпеген жағдай орын алды. Әуеде қалықтаған ұшқыш М.Г. Сургутановтың бақылауындағы әуе көлігінен кінәрәт тапқандай жүрегі зу етті. Компас тілі күтпеген жерден ен далада адасқан адамдай бағытынан айырылып, оңтүстікке қарай бұрылып кетті. Ұшқыштар ортасында жиі айтылатын Бермуд үштағаны жайлы әңгіме әуе батырының ойына сап етіп, бойын үрей биледі. Тек Сургутанов мұхитта емес, құрлықта қалықтап келеді. Бермудты Атлантта дейтін еді. Әлде қазақ жерінің өзіндік Бермуды болды ма екен?!
Адамның ойы жүйрік қой. 1 ғана минутта ғаламның ғаламатына баланатын дүниелерді де ойлап үлгерген ұшқыш компосының қайта жұмыс жасай бастағанын көріп, көңілі жай тапты. Жерге қонуға асыққан ол табанының қара топыраққа тигенінен бұл жағдайды баяндамаққа жүгіре жөнелді. Көргенін үтір-нүктесіне дейін жер қойнауын зерттейтін мамандарға баяндап берген ол Сарыбай аумағында бір жұмбақтың жауабы шешілмей жатқанын іштей сезді.
Араға үш ай салып, Сургутановтың компасы бағыттан тайған нүктеге геологтар мен георгафтар экспедицияға келді. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жұмбақтың сырын ақтарғысы келмеген Сарыбай шатқалының жер қыртысы ақтарылды. Нәтижесінде Сарыбайда ірі кен орны табылып, оны 1949 жылдың көктемінде В.П. Новиков Соколов темір кені бар екенін дәлелдеді. Бұл жаңалық дүйім жұртқа мәлім болып, Мәскеуге жеткеннен кейін 1954 жылдың жазында бұл аймаққа комбинат тұрғызу мәселесі қолға алынды. Жыл өте аймаққа құрылысшылар тартылып, осы маңнан Рудный қаласы бой көтерді.
Алғашында «Рудный жұмысшылар поселкесі» деп аталған мекен 1957 жылдың 30 тамызында Республика Жоғарғы Кеңесінің Президиумі шығарған шешім бойынша Рудныйға «қала» статусы берілді. Осыдан бері бұл қала Үлкен Торғайдың қойнауындағы інжу-маржанды өндірумен айналысып келеді. Бүгінде еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік ошақтың бірі осы – Рудный қаласы.
Осылайша, Сургутановтың компосының өз бағытынан ауытқуының арқасында Қазақстан темір кені жөнінен ТМД елдері арасында алдыңғы үштікке кіріп тұр. Қазақ топырағы киелі, қастерлі ғой. Елден аттап шықсақ, сағынтып өзіне тартып тұратын қасиеті осымен де байланысты болар.
Құрметті оқырман! Енді біздің жазбаларды смартфонға ыңғайландырылған Телеграм мессенджерінде де оқуға мүмкіндік бар. Массагет мақалаларын мына сілтемеге өту арқылы оқи аласыз: t.me/massaget_kz Арнамызға қосылыңыз!
А. Қажиев