Құрметті студенттер қауымы, халықаралық студенттер күні құтты болсын! 17 қараша ресми түрде студенттер күні деп аталғанымен, курстың әрі күні – сендердің күндерің емес пе?
Студенттік кезең – адам жадында ерекше естеліктерімен жатталып жаңғырып тұратын, мәңгілік ұмытылмастай өз алдына бөлек дүние. Мектеп бітіріп, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан жастар тек білім алуға ғана емес, өмірдің ақ пен қарасын ажырата білуге үйренеді. Студенттік шақ дегенде қызығы мен шыжығы мол – лекция тыңдап отырған уақыт, жоғарғы оқу орны қабырғасындағы бірінші бақылау емтихандары, жатақханада бір жапырақ нанды бөліп жеген достар, таңнан таңға жалғасқан сауыққа толы кештер, дипломдық, курстық жұмыстар, тағысын тағы көптеген естеліктер оралады. Мұндай қызықты шақты бастан өткеру - үлкен бақыт. Алайда, мәңгі студент болу ешкімнің де маңдайына жазылмаған. Сол бір күндер де өте шығады. Сондықтан студенттік кезеңді кез келген жан үлкен сағынышпен, ерекше көңіл - күймен еске алары анық.
Бүгінде бұл күнді әлемнің көптеген елдері тойлайды. Жастардың мерекесі болғандықтан, бұл күн студенттер қауымына өте танымал. Ендеше, қызықты өмір қаһармандары, мереке құтты болсын! Әр күндеріңіз білім мен жарқын естеліктерге толы болсын! Болашақта еліміздің тұтқасын ұстар адуынды азамат атануларыңызға шын жүректен тілектеспіз!