Еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының бірі әрі бірегейі, білім мен ғылым ордасы қарашаңырақ Қазақ Ұлттық Университеті күні кеше табалдырық аттаған бірінші курс жеткіншектерін студент қатарына қабылдады. Қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалап келген жас ұландар бүгіннен бастап өмір кітабының «студенттік кезең» атты ақ парақтарын безендіретін болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы тәуелсіз кадрлар даярлайтын негізгі орталық, талай студенттің биік шыңдарға жетуіне себепкер болған қасиетті мекен.
Қазақстанның болашағы – жас ұрпақтың қолында, ҚазҰУ болашағы – бүгінгі студенттің қолында. Осы орайда адамзаттың екінші ұстазы әл- Фараби атамыздың рөлін сомдаған студент сахна төріне көтеріліп, «Білім кілтін» физика факультетінің 1-курс студенті Ешмұхан Есенге тапсырды.
Университет білім, ғылым саласында ғана емес, өнер спорт жағынан да жоғары беделге ие. Мұның дәлелі кеше ғана алауы сөнген Лондон Олимпиадасының чемпионы – Светлана Подобедованың мерейлі жеңісі. Светлананың сара жолын қуушы спортшы студенттер «спорт кілтін» бірінші курстықтарға аманат етті.
Көптеген сайыстардың жеңімпазы атанып жүрген Ұлттық Құрама да өздерінің інілері мен қарындастарына әдемі әзілдерін паш ете білді.
Жан-жақты дамыған тұлға, талапты өрен тәрбиелеп отырған қарашаңырақтағы «Бақыт» би ансамблі, «Фараби сазы» атты өнерлі студенттер ұжымы да көрермен қауымды тәнті қылды. «Өнер кілті» механика-математика факультетінің студенті Арыстанбек Әсет пен филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенті Есенгелдиев Сәкенге тапсырылды.
Жас көшбасшылардың мектебіне, қазақ жастарының локомотивіне айналған ҚазҰУ-дағы өзін-өзі басқару ұйымдарында 3000-ға жуық студент белсенділік танытып келеді. «Студенттер кеңесі», «Студенттер сенаты», «Сұңқар», «НСББП» сынды беделді ұйымдар шеру жүргізіп, талапты жастарды өз қатарларына қосылуға шақырды.
Кештің салтанатты сәті
«Студент» атты асқақ атты иемдену үшін қажет ең негізігі құжат – студенттік билет болып табылады. Жаңа толқыннан үкілі үміт күтетіндігін айтып, ақ жол тілеген университет ректоры Ғалым Мұтанов Ректор «студенттік билетті» философия және саясаттану факультетінің студенті Игісінова Әлия мен Орынбеков Нұрсұлтанға аманат етті. Аманатты қолдарына алған бірінші курс студенттері ҚазҰУ студенті деген атқа лайықты болуға ант берді. Студент атанған бақытты жастар «алғашқы студент вальсін» билеу мәртебесіне ие болып, кеш соңында жиналған көпшілік студент жастар ұйымдастырған әуезді кештің куәгері болды.
Ақ жол саған, студент!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева