Шымкентте Бәйдібек биге ескерткіш қойылды

Шымкентте Бәйдібек биге ескерткіш қойылды

«Керуен басы білікті болса, түйе азбайды, қолбасы білікті болса, сарбазы тозбайды» деген екен Ұлы жүздің негізгі тайпаларының (Сары Үйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан, Дулат) әкесі саналатын Бәйдібек би бабамыз. Ескі дастандар мен жырларда жиі көзге ұрынатын Бәйдібек бидің үйсін ұлысының билеушісі әрі көшбасшы болғандығын білетіндер қатары көп емес. Осы орайда шырайлы Шымкент қаласының теріскей жағындағы биік төбеге Бәйдібек би ескерткіші тұрғызылды.

Ескерткіштің дәл осы орынға қойылуының өзіндік себептері бар: біріншіден, қалаға кіре беріс даңғыл жол Бәйдібек бабаның есімімен аталса, екіншіден, ескерткіш орнатылған бағытта Бәйдібек ауданы бар.

Биіктігі 10 метр, салмағы 9 тоннаға жуық алып ескерткішке айналған от ауызды би ұрпағының өзіне деген құрметін сезініп, ризашылығын білдіргендей күншығысқа құшағын айқара ашып, бір қолына асатаяғын ұстап, ауызбіршілікке шақырып тұрғандай...

Бір қарағанда ескерткіш Рио-де-Жанейро қаласындағы Кешірімді Иса Пайғамбар мүсініне өте ұқсас келеді. Ескерткішті жасаған – сәу­летшілер Насыр Рүстемов пен Дәурен Әлдеков. Тұғырымен қосып есептегенде Бәйдібек би - Қазақстандағы ең үлкен ескерткіш мәртебесіне ие болды.

Ескерткіштің жақ­тауына «Еліміз­дің іргесін бекітіп, ұлы мемлекет құру барысында ұлы ба­бамыз Бәйдібек ханның аруағы баршамызды қолдап жүрсін!» деген Елбасы Н.Назарбаевтың сөзі жазылған екен.

Ескерткіштің айналасына болашақта жастардың сүйікті орындарының біріне айналатын көрікті гүлзар мен тарихи этносаябақ ұйымдастыру жоспарлануда.

Суреттер:inform.kz,serke.org

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева