Алматы облыстық №1 Балалар үйінде фотокөрме өтеді. «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігі мен «Bank RBK» АҚ ұйымдастырып отырған көрме 1 маусым күні сағат 10:00-де №1 Алматы облыстық балалар үйінде қойылады.
Маусымның 1-і күні болатын тәжірибелік сабақтардың нәтижесі бойынша балалардың түсірген 40 үздік суреті көрмеге қойылады. Бұл суреттер №1 Балалар үйі тәрбиеленушілерінің «Үшқоңыр» жайлауында түсірген еңбектері. Онда еліміздің белгілі фотографтары жоғары сыныптағы 20 баламен тәжірибе бөліскен еді.
Акцияның мақсаты балалар үйінің тәрбиеленушілерін фото өнерімен таныстырып, болашақ мамандық таңдауларына көмектесу және сол жерден фотоүйірме ашу екен.
«ФОТОӨНЕР» ҚБ төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы: «Бұл шара №1 Балалар үйіне фотоөнердің әсем әлемін ашады. Біз болашақта осы үйдің қабырғасынан керемет фотосуретшілер мен фотожурналистер шығатынына сенімдіміз» дейді.
Естеріңізге сала кетсек, 24 мамырда практикалық сабақ ретінде 20 бала «Үшқоңыр» жайлауына шығып, фотоөнер саласындағы мамандармен біріге фототүсірілімдер жасаған болатын. Фотоөнердегі шеберлік сабақтарын бірлестіктің мүшелері өткізген.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: «ФОТОӨНЕР» бірлестігі