- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Шарынның таңғажайып шатқалдары...
Шарынның таңғажайып шатқалдары
Қазақстанда әлемде ұшыраспайтын немесе көп кездесе бермейтін кереметтер жетерлік. Солардың қатарына Алматыдан 240 шақырым жерде орналасқан Шарын шатқалдарын жатқызуға болады. Кетпен тауларынан бастау алып, 427 шақырымнан кейін Ілеге құятын Шарын өзенінің бойында орналасқан Ақтоғай, Көртоғай, Сарытоғай атты тереңдігі 300 метрге дейін жететін таңғажайып шатқалдар бұл маңды елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де белгілі етті. Көпшілік Колорадодағы "Үлкен каньонмен" салыстыратын шатқалдар қазіргі күні "Шарын ұлттық табиғи паркінің" құрамына кіреді. Зерттеушілердің айтуынша, олар осыдан 12 миллион жыл бұрын пайда болған. Шарынға барып, оны толығымен аралау үшін бір емес, бірнеше күн қажет. Өйткені, мұнда көрер қызық көп. "Ол нендей қызықтар?" дерсіз. Бұл сұраққа жауап ретінде Массагет порталы Шарынға барған жандар көруі тиіс бес нысанды топтастырып қойды. Ендеше, топтамаға назар салыңыздар.
Қызылсай
Бірінші кезекте Шарын ел арасына Көртоғайдағы Қызылсай арқылы танымал. Оны туристер "Қамалдар аңғары" ("Долина замков") деп атап кеткен. Себебі де белгілі – жел мен судың әсерінен мүжілген шатқалдар көне қамалдарды еске салады. Сондай-ақ, белгілі бір затқа, не жануарға ұқсайтын тастар да жиі ұшырасады. "Үлкен каньонмен" салыстырылып жататын да осы аңғар. Дегенмен, аты айтып тұрғандай "Үлкен каньон" Қызылсайдан әлдеқайда үлкен. Бірақ бұл айтылған сайдың әсемдігін жоққа шығармайды. Тіпті, екі каньонды салыстыру орынсыз болар. Қызғылт-сарғыш түске боялған "Қамалдар аңғарының" өзіне ғана тән ерекшелігі де жетерлік. Мұнда өсімдіктің 940 түрі бар. Оның кейбірі – эндемиктер, яғни тек осы аймақта ғана кездесетін өсімдіктер. Атап айтар болсақ, Қызылсайдың Шарын өзеніне жақын тұсында жалпақ жапырақты ормандар қалдығы саналатын соғды шағаны мен тораңғы ағаштарын байқауға болады.
Темірлік
Кетпен тауының батыс беткейінен басталып, 57 шақырымнан кейін Шарынға құятын Темірлік өзенінің бойындағы шатқалдар да халықтың сүйіп тамашалайтын мекеніне айналған. Бір қарағанда Қызылсайды еске салғанымен, Темірлік шатқалдарының да өзіндік ерекшеліктері көп. Ауқымы жағынан кішілеу болса да уақыт мүжіген тастарына қарап, Темірліктегі шатқалдар "Қамалдар аңғарынан" еретерек пайда болған деп түюге болады және ол Қызылсай шатқалдарындай жайылып жатқан жоқ, тік әрі өзен бойын бойлай орналасқан. Ортасы қалың тоғай. Ұзындығы 5 шақырымға созылған аңғардың ені кей тұстарында 500 метрге дейін жетеді.
Жабыр
Құрылымы жағынан Қызылсайға да, Темірлікке де мүлде ұқсамайтын, туристер аса көп бара бермейтін бұл шатқалдардың атауы – Жабыр. Райымбек ауданына кірер тұста "Алматы-Нарынқол" тас жолын жағалай орналасқан Жабыр он шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатыр. Сай-саласы көп, кей тұстарда биіктігі 30-40 метрге дейін баратын сазды жоталардан тұрады. Ел арасында "Ай шатқалы" деген қосымша атауы да бар. Бұл атау жоталардың Ай бедеріне ұқсас пішінен орай қойылса керек. Айдан бөлек, жекелеген жоталар көнеден қалған кесенелерді немесе Үндістандағы ғибадатханаларды еске салады.
Көртоғай
Шарын өзенін бойлай өскен тоғай көп. Соның бірі – Көртоғай. Бұл атаумен Шарынның екі жағы тік құздан тұратын, өте тар, өзен суы тасып ағатын аңғары да аталады. "Алматы-Нарынқол" тас жолының бойында осы Көртоғайды тамашалайтын арнайы орын бар. Одан бөлек, өзенге құздан төмен қараймын деушілерге арналған арнайы нүктелер де аз емес. Бірақ, аңғар атауының өзі біраз адамдарды шошытса керек, ол тұстарға ел көп бара бермейді. Ал, барғандарды суреттегідей тамаша көрініс күтіп тұр.
Бестамақ
Басталар тұсы Темірлікті еске салғанымен, бойлай келе көрінісі өзгеріп, Көртоғайға ұқсай түсетін, артынша Қызылсай сияқтанатын Бестамақ өзінің бойына басқа сайларда бар барлық қасиетті сыйдыра алған. Бұл маңды кейде "Кіші каньон" деп атайды. Ол: "Үлкен аумақты алып жатқан Шарын шатқалдарының кішірейтілген нұсқасы" дегенді білдірсе керек. Десе де, Бестамақтың тек өзіне ғана тән сұлулығы да жоқ емес. Соның бірі – бұл аңғардың тарлығы болар. Оның ең кең тұсы 40-50 метрден аспайды, көктем уақытында қар ерігенде немесе жаңбырлы күндері жиналған су осы аңғар ішімен ағып барып, Шарынға құяды. Тағы бір ерекшелігі қара, қоңыр түске боялған алып тастар. Шарынның басқа шатқалдарында мұндай жартастар кездеспейді. Келушілер бұл жартастарды кейде Пасха аралындағы тас мүсіндермен ұқсастырып жатады.
Айта кетерлігі, Шарын шатқалдары тек осы бес нысанмен шектелмейді. Олар кеңінен жайылған және көпшілік ойлағаннан әлдеқайда үлкен. Сол себепті, бұл маңға өздеріңіз барып, бәрін зерттеп қайтуларыңызға кеңес береміз.
Y. Almabek