- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Сезімге толы 5...
Сезімге толы 5 демалыс орны
Алматы – студенттер қаласы. Алматы – жастар қаласы. Алматы – ғашықтар қаласы. Алматы – жанды қала. Түні де, күні де сан бояуға боялған Алматыда демалыс орны жетерлік. Дегенмен, соның ішінде ғашықтарға арналған орталықтардың өзін табу қиын. Біз сіздерге демалуға болатын, тыныштық пен рахат сезімін сыйлайтын орындарды ұсынамыз.
Көктөбе
Мекенжай: Достық даңғылы, 104А
Алматы десе бірден Көктөбе ойымызға оралады. Бұл жерге жетудің екі жолы бар: бірі кәдімгі автожол болса, екіншісі арқанжол (канатная дорога) арқылы бара аласыз.
Көктөбені серуендеп жүріп хайуанаттар бағы, дөңгелек әткеншек, бірнеше танымал тұлғаларға арнап салынған мүсіндер көре аласыздар. Бұл жерде кейде сенбі-жексенбі күндері шағын концерттер ұйымдастырылып отырады.
Ботаникалық бақ
Мекенжай: Тимирязев көшесі, 36Д
Жөндеуден өтіп, қолданысқа қайта берілген бақтың көркі арта түскендей. Табиғат аясын аңсап, оған мүмкіндік болмай жүрсе, бұл бақ сұранысыңызды 100 % қанағаттандырары анық. Өзіңізбен бірге жылы шайыңызды, дәмді бәлішіңізді, кішкентай көрпешеңізді әкеліп, табиғаттың аясында демалып қайтыңыз.
Тұңғыш Президент атындағы саябақ
Мекенжайы: Әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысы
Бұл әсем саябақ талай сезімнің куәгері болды. Әсіресе, кешкі уақыт түрл шамдар жағылып, бұл орта бөлек әлемге айналады. «Биші» фонтандардың өзі ғашықтық әуенін айтатындай болады да тұрады. Егер жұбыңызбен жалықпай әңгіме айтып, сыр тарқасамын десеңіз, саябақтың саялы ауласы сіздер үшін таптырмас орын.
Медеу мұз айдыны
Мекенжай: Горная көшесі, 465
Медеудің табиғаты өзінің тартымдылығымен ерекше. Бұл ортаның атмосферасы сізге күш-қуат бітіретіндей. Серігіңіз екеуіңіз бұған тамсана отырып, түрлі естеліктеріңіздің жобасын бірге жасайсыздар.
Жұлдызды алқап
Мекенжай: Дулати көшесімен жоғары, МАИ бекетінен оң жақ қапталында
«Ғашықтар жотасы» аталып кеткен бұл орын түнде ғана көрікті. Бүкіл Алматы бір алақаныңызға сыйып кетердей көріністен таң тамаша қалатыныңыз сөзсіз. Әсіресе, бұл жер – қарым-қатынастардың жаңа бастамасының куәгері болған.
Т. Есқали