Студент шақ – адам өмірінің ертегіге толы шағы. Студент болып көрмеген адам өмірдің бір қызығынан құр қалғанмен бірдей.
Басында студент болу сіз үшін қызық көрінген шығар. Ауылдан, ата-ананың алақанынан алысқа кетіп, бөтен жерге барып бөтендермен танысу да өзінше бір қызық сияқтанды. Артта сен асыр салып ойнаған алыс белестер мен қырлар, сен ешқашан қызығына тоймаған таныс елестер мен сырлар қол бұлғап қалды. Әке де қалды, ана да қалды. Бір үйде сыйыспаған бауырларың да қалып барады. Бөтен жерге барғанда оларды сағынатыныңды, ауылға жіберіңізші жеп оқытушыларға жалынатыныңды, бітпейтін лекциялардан зарығатыныңды, қабағы қатулы қаладан жалығатыныңды сен ол кезде сезген жоқсың.
Қалаға келдің. Қолыңда ауыр-ауыр сөмкелер мен картоп-пиязың да бар. Сен ауылда жүргенде бәрін танитынсың. Ал мыналар неге саған бұрылып та қарамайды. Қолыңнан сөмкеңді жұлып ала ма, қайтеді мына кісі. Е, такси жүргізушісі екен ғой. Ол сені оқу орныңа дейін апарып салмақшы. Саудаласпай-ақ отырып кете бердің. Жеткен кезде ғана білдің такси жүргізушісіне жеткізіп салғаны үшін мың теңге беруің керек екен. Сен ол кезде саудаласып жолақысын түсіруге болатынын, не жолға шығып арзанырақ такси ұстауға боларын да білмеген екенсің.
Басталды... Бейтаныс адамдар арасындағы сүйкімі жоқ қарбаластар басталды. Басында баладай алданып, алды-артыңды қоршаған жылтыр дүние сені біраз таң етті. Біраз уақыт өткен соң сен кеткен кезіңде артыңда жылап шығарып салған үйіңдегілерді ойладың. Есіңде ме, сен сонда оларға бұрылып қарамап та едің ғой. Жылап тұрған шешеңе «Өй, неге жылайсыз?» деп зекіп беріп едің ғой. Енді неге өзің жылап отырсың? Шешеңнің неге жылап қалғанын түсінген екенсің ғой, әйтеуір.
Аралық бақылаудан аралық бақылауға жетіп бір семестрдің басына су құйдың. Құттықтаймын! Сен бір курстың бел ортасына келдің. Ол үшін емес, сені басқа нәрсе қуантып жүрген сияқты. Е, білдім, ауылға барып келуге жететін жаңа жылдық демалысқа шыққан екенсің ғой.
Басында бәрі ұсқынсыз болып көрінгенімен, сен үйрене бастадың. Топтастарыңнан қалыспай жүріп сабақ оқыдың. Топбасшыңның арқасында көштен қалмадың. Біреуге ғашық болдың, біреуді ғашық еттің. Ұйықтатпайтын талай жәйттер өтті басыңнан. Сені үлкендер «Балмұздақ» деп атай бастады ма? Алыстан келе жатқаныңнан-ақ сенің бірінші курстың студенті екеніңді біліп қойып «перваш» деп айта салатындарға таң қалдың ба? Ашуың келгенін айтпай-ақ та қой. Білемін...
Екінші курста балмұздақ кезіңді сағындың. Әй, неге сені енді бұлар "балмұздақ" деп атамайды. Өзіңнен кейін еріп келген бірінші курстың студенттерін көріп, баяғыда сені неге балмұздақ деп атағанын түсіндің. Өздері беп-белгілі болып тұрады екен ғой... Енді сен мұнан кейін оларды қызғана бастадың ба? Бар қызық тек солардың басында ғана сияқты ма? Бір жылдық тәжірбиең ішіңе сыймай «балмұздақтарға» ақыл айта бастадың. Тух, шіркін, ақыл айтқан қандай жақсы еді! Бір сағат жандарында отырып, факультеттің біраз оқытушыларына мінездеме беріп тастадың.
Ендігі өмірің балмұздақтардыңкіндей болмаса да, одан қалысар емес. Сабақ оқуға келгенде де шебер болып алғансың. Қай мұғалімге жағу үшін не істеу керектігін не қандай сөз айту керектігін білесің.
Ауылдан бірінші курсыңдағыдай онша көп азық-түлік те келмейтін болды. Оларды ойлап жылайтын баяғы сен жоқсың. Алып шаһардың көшелерін жаттай бастадың. Әр көшеде бір естелік бар. Сен мына көшелердің қиылысына барамын деп басқа автобусқа мініп, өтіп кеткен болатынсың. Тағы бірде туыстарыңа барамын деп автобусқа керісінше аялдамадан отырып, қаланың шетіне дейін барып келгенсің. Сол кезде автобус жүргізушісі аз ғана жымиып қоя салып еді. Ол сенің қалаға жаңа келген екен стдент екеніңді білген шығар.
Үшінші курста апта сайын топтастарыңмен жиналып кафеге отырып, саябақтан саябақ қалдырмай қыдыра бастадың. Екі курс бойы базардан киім алған кездеріңді қарғап-сілеп, ендігі жерде қымбат сауда үйлеріне бас сұғатын болдың. Сабағыңа көңіл бөлуді әлі де доғармаған шығарсың? Өйткені ата-анаң шәкіртақысы бар ғой деп азық-түлік түгілі ақша да жібермейтін болған.
Біразың жұмыс тауып күн көре бастадың. Біразың сабаққа бармай-ақ қоюға болатынын ұғып, университетке аралық бақылау кездерінде ғана бас сұғатын болдың. Біразың ұстаздардан сұранбай-ақ ауылда апталап жатып алуға болатындай жол таптың.
Төртінші курс келіп қалды ма? Өзіңнен кейін үш рет балмұздақтарды күтіп алдың. Студенттік өірдің қызығы таусылғандай ма, қалай? Дипломдық жұмыс...
Міне, осылайша көзді ашып жұмғанша студенттік жылдар өтеді де шығады. Сен оны байқамай да қалауың мүмкін. Бәлкім ол сол байқамау қалуымен де құнды шығар...
Автор: Ақерке Әбілхан
Сурет Ақерке Таменовадан