Сексеуіл – сортаңды, тұзды, құмды жерлерде топтанып өсетін, биіктігі 5-12 метрдей, қабығы қою сұр түсті қатты ағаш.
Қазақстанда Қызылқұм, Мойынқұм, Арал теңізі маңайындағы құмдарда, Зайсан жазығында, Маңғыстау мен Үстіртте, Балқаш маңы құмдарында кездеседі. Сексеуіл Қазақстан орман қорының 48% алып жатыр. Діңі қисық, бұтақтары көп болады. Тамыры 8-10 метр тереңге дейін кетеді. Сүрегі ауыр, морт сынады. Қуаңшылыққа, шөлге, ыстықа төзімді. 40-50 жыл, кейде 60 жыл өмір сүреді.
Сексеуілден дала тұрғындары шарбақ тоқып, қаша жасаған, шірімейтін сексеуілден шарбақ тоқып құдықтың қабырғасын қаптайтын болған. Сексеуілмен қапталған құдық құлап қалмайтын болған, сондықтан да Маңғыстау облысында жүз жыл құрғамаған, бұзылмаған құдықтар бар.
Сексеуіл – шөл даланың қарауылшысы
Барлығымыз шөлді аймақтарда орман жоқ деп ойлаймыз. Алайда шөлді жерлерде сексеуіл ормандары кездеседі екен. Ал ол ормандар өзге өсімдіктердің өсуіне ғана жағдай жасап қоймайды, сонымен қатар шөл жануарларының тіршілік мекені де. Сексеуіл шөл аймақтардың толық қурап кетпеуден сақтайды. Өзінің өте күшті тамыр жүйесі арқылы 40 метр төмендегі су қорын жоғары көтеріп тұруға, сол арқылы шөлдегі өзге өсімдіктердің қурап қалмауын қамтамасыз етеді. Сондықтан шөл даланың қай жерінде сексеуіл болса, сол аймақта су да бар деген сөз. Сексеуіл – өзге өсімдіктерді қоректендіруші қор. Сексеуілдің айналасында ылғал болғандықтан ол маңда паразит-өсімдіктер қаптап өседі де сексеуілдің бойындағы барлық қоректік заттарды өздеріне сіңіріп алады. Бір қызығы, бұл жағдай сексеуілдің ғұмырын қысқартады екен. Мұндай мықты ағаш 200-300 жыл жасауға мүмкіндігі болса да, табиғаттың қаталдығынан 40-50 жыл ғана ғұмыр кешуге мәжбүр.
Көмірді алмастыра алатын бірден-бір ағаш
Барлық ағаштардың ішінде көмірдің қуатындай қуат бере алатын бірден бір ағаш – бұл сексеуіл. Мұндай қасиет еменде де, қайыңда да, кейбір көмірлерде де кездеспейді. Бұрында ата-бабаларымыз сексеуілден ағаш көмір дайындайтын болған. Тіпті, сексеуілдің бұл көмірі темірді қыздыра алатындай қызу беретін болған. Бұл кен көмірлерге қарағанда әлдеқайда экологиялық зияны жоқ табиғи отын. Сондықтан халық арасында сексеуіл «жасыл көмір» деп мақтанышпен айтылады. Тіпті, оның күлін емдік мақсатта да қолданатын болған. Мысалы, буын ауырғанда, бөртпе болғанда ыстық күлді майға араластырып науқастың ауырған жеріне жаққан. Сексеуілге балта өтпейді, оны тек өзінің томарымен ғана ұрып сындыруға болады. Ал сексеуілді құмдағы тіршілік иелеріне обал келтіреміз деп күздің аяғында, көктемнің басында ғана отын ретінде көптеп шауып алатын болған.
Қызық дерек
Ертеректе құдықшылар шыңырау құдықтардың қабырғасын қаларда тас таппаған жағдайда сексеуілді пайдаланатын болған. Одан тоқылған шарбақ суға шірімейді әрі құдықтың көміліп қалмауын болдырмайды.
Сексеуілді халық танымында орын алғаны сонша – ел-жұрт елдімекеннің өзін сексеуілмен атауды әдетке айналдырған. Мәселен, елімізде мынадай елдімекендер бар:
Белсексеуіл – Балқаш көлінің оңтүстік-шығысындағы Көкен жоны мен Тауқұм аралығында орналасқан құмды алқап. Ұзындығы 40 шақырым шамасында, ені 8-12 шақырым. Орташа биіктігі 340-500 метр. Жер бедері негізінен құм төбешіктерден тұрады. Көшпелі сусыма құмды жерлер жиі кездеседі. Өсімдік жамылғысында жүзгін, теріскен, қоянсүйек, жусан басым өскен. «Белсексеуіл» атауы «сексеуілді бел» деген мәнді береді.
Сексеуілді – Қызылорда облысы, Арал ауданындағы кент.
Сексеуілді қорғау
Қазақстанда 2000 жылдары көмірге деген сұраныс артып, сексеуілге де сұраныс күрт өсіп кетті. Оны отау көбейгесін, мұндай уникалды өсімдікті сақтап қалудың маңызы туды. 2004 жылы Қазақстан үкіметі сексеуілді шабуға алғаш рет мораторий жариялады. Мораторий 10 жылға бекітілді. Табиғат қорғаушылар осы уақытта сексеуілдің экожүйесі біртіндеп қалпына келеді деп есептеді. Бірақ Орман кодексіне сәйкес жергілікті халықтың сексеуілді отын ретінде пайдалануына рұқсат етілді.
Кейін мораторий уақыты аяқталғаннан кейін ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі 2015 жылы сексеуілдің кез келген түрін шабуға тыйым салу туралы бұйрық қабылдады. Бұйрыққа сәйкес, 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынған еді. Кейін бұйрықтың мерзімі ұзартылып, 2023 жылға дейін сексеуілді шабуға тыйым салынды.
Ал 2017 жылы Қазақстан үкіметі сексеуілді саудалауға тыйым салды.
Қазіргі уақытта Арал теңізінің құрғап қалған жерлеріне сексеуіл егу жұмыстары қолға алынған. Алдағы 10 жылда бұл жерде сексеуіл орманы тамыр жаяды деген жоспар бар. Тұзды аймаққа 8 миллион сексеуіл бұтасы егілмек. 2030 жылға дейін 500 мың гектар сексеуіл орманы жайылмақ.
"Біздің ойымызша, Аралды сақтап қалудың бірден-бір тиімді жолы – сексеуіл егу. Сексеуіл – осы өңірге сіңген, табиғатына тән өсімдік. Тамыры тереңге жібереді. Жерасты суларына дейін жетеді. Сол суды жоғары қарай көтеріп, жердің үстінде су балансын ұстауға көмектеседі. Аралдың түбін орманға айналдырып, суды арнасына келтіруді мақсат тұтып отырмыз. Сол үшін сексеуіл егуді жылдар бойы тәжірибеден өткіздік. Зертханалық жұмыстар жүргізілді. Соның арқасныда жәндіктер мен зиянкестерден зиян шекпейтін төзімді сексеуілді түрін таңдап шығардық. Аралдың қазір құрғап қалған жерінде 15-20 пайызға дейін ғана өсінді бар. Қалған жеріне енді сол сексеуілдің түрін егіп жатырмыз", - дейді Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты маманы, PhD доктарант Екатерина Вибе.