Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған "Қандысай" белгітасы қараусыз қалған

Алматының маңындағы Боралдай елді мекенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне Қандысай белгітасы қойылған. Тарихта "ұлы террор" деген атпен қалып, сол кездегі қазақ халқының қаймағы – асыл азаматтарымызды жазықсыз атып, көмген жер бүгінде қараусыз қалып, тоза бастаған. Осы мәселе бойынша ескерткіш жанына бірқатар тарихшылар жиналды. Массагет порталынынің тілшісі тарихшылармен тілдесіп, ескерткіштің жай-күйін біліп қайтты.

Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған екі ескерткіш бар. Бірі Боралдай, екіншісі Жаңалық аулында орналасқан.

Боралдайда орналасқан ескерткішті "Қандысай" деп атайды. Кезінде 19 "наркомды" бір түнде атып, осы Боралдайдағы сайға әкеліп көмген екен. Бірақ бұл еш құжатта көрсетілмеген. Бүгінгі ұрпаққа ол сол мәйіттерді тасыған шопырдың аузынан жеткен. "Әділет" тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев "Қандысайдың" тарихын  айтып берді.

"Үлкен террор кезі. 1938 жылы 25 ақпаннан бастап Алматыда Совет одағы Жоғарғы сотының әскери алқасы жұмыс істеді. Олар күніне 40-45 адамды соттап отырды, 10-15 минутта тағдырын шеше салады.

Ол кезде Алматы облыстық партия комитеті мен қалалық комитетін Шақпақ Артықбаев деген кісі басқарған. Бірде оның шопыры 2-3 күн жұмысқа келмеген. Кейін шопыры Артықбаевқа келіп, түнімен сайға қапшықтар тасығанын, ішінде адамдар барын көріп қалғанын айтады. Сөйтіп, екеуі өтірік іссапар жазып, сол сайға барады да, Шақпақ Артықбаев сол жерге белгі қойып кетеді. Артынша, Артықбаевтың өзі қуғын-сүргінге түсіп, 18 жылға сотталып кетеді.

Кейін Артықбаев түрмеден шығып, 80-жылдардың аяғында сол кездегі репрессия құрбандарының ұрпағына осы сай туралы айтып берген", - дейді тарих ғылымдарының докторы.

Тарихшы бұл жердің күтімсіз қалғанын қынжыла отырып айтып берді.

"Бұл жерге көптен бері келмеп едім. Мардымсыз, күтусіз қалған екен. Халыққа қызмет етіп, атылып кеткен аталарымызды тиісті құрмет көрсете алмай отырмыз. Қазіргі ұрпақ сол ұлтжанды кісілердің еңбегін білуі қажет. Ол үшін осындай ескерткіштер қажет. Онда ескерткіштің сипаты жазылып тұруы қажет. Осында 19 нарком жатыр дейміз, неге солардың тізімін жазып қоймасқа? Еске алатын, қанды оқиғаларды көрсетіп тұратын, мәні болатын жер қылуға болады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей Жаңалық аулында ашылды, Алматыдан 70 шақырым жерде. Алматының өзінде сол қаралы күндердің ізі болып осы Қандысай тұр. Осыны да неге жақсы ескерткіш қыла алмаймыз? Қаралы тарихты білу керек. Тарихи деректерді жазып, арнайы тақта қою қажет. Бұл бүгінгі ұрпаққа өте маңызды нәрсе", - дейді Бейбіт Қойшыбаев.

Ал, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжановтың айтуынша, Қандысай белгітасы тарихқа сәйкес келмейтіндей қате орнатылған.

"Біз 19 коммиссардың жерленген орнында тұрмыз. Бұл халықтың өзі қойған атауы. Мәселен, мына Есіктен табылған адамды "Алтын адам" дейді ғой. Сол сияқты бұл жерді "19 коммиссардың жатқан жері" деп атайды. Тізімнен қарасақ, мұнда 7-8 наркомның жатқаны рас. Қалғандары партия қызметкерлері, шаруашылық басшылары, кеңес қызметкерлері т.т. Бұл символды түрде "19 нарком" деп айтылады. Шындығында, бұл жерде 190 немесе бірнеше жүз адам жатуы мүмкін. Себебі, тотолатиларлық жүйе өзінің қылмысын жоюдың тамаша әдіс-тәсілдерін меңгерді. Адамдарды мыңдап атты, бірақ бірде-бір зират немесе арнайы белгі қалдырған емес. Керісінше, жоюға тырысты.

Мінекей, 19 комиссар туралы сөз қозғайтын болсақ, алдымен айтарымыз – Ұзақбай Құлымбетов. Ол – бүгінгі тілмен айтсақ, Одақтас Республика деңгейіндегі Қазақстанның тұңғыш президенті. Өйткені, біз ол уақытта парламенттік Республика болатынбыз. Ал сол парламентімізді, Қазақстан орталық атқару комитетін Ұзақбай Құлымбетов басқарды.

Бұл жерде "Темір нарком" атанған Темірбек Жүргенов жатыр.

Бұл жерде "Жайнағана Жанайдар" атанған Жанайдар Сәдуақасов жатыр.

Бұл жерде Шымкент обкомын басқарған Әбілқайыр Досов жатыр. Бұдан бөлек те халқымыздың талай аяулы ұлдары көмілген. Олардың барлығын өткен ғасырдың 37-38 жылдары атты, есімін өшіргісі келді. Ұзақбай Құлымбетов деп айтуға тиым салды. Қанша дегенмен Республиканың бірінші басшысы емес пе?", - дейді Хангелді Әбжанов.

Профессор бұл ескерткіштің мазмұндық жағынан да, идеологиялық жағынан да, мәтіндік жағынан да қате екенін айтады.

"Енді осындай асыл азаматтарға қойылған ескерткішке келіп қарным ашып тұр. Мына ескерткіш бізде ұлттық намыс, ұлттық сана деген әлі төмен екенін көрсетіп тұр. Әйтпесе, Қазақ мемлекетінің іргесін, негізін қалағандарға мынадай ескерткіш қоюға бола ма?!

Біріншіден, ескерткіштің ұсқыны ұсқын емес.

Екіншіден, мәтінін қараңызы : "1937-1950" дейді. Бұл не дата? Не ол емес, не бұл емес. Мұны тарихты бұрмалау дейді.

Үшіншіден, қасбетіндегі жазуды оқысаңыз: "бұл жерде ашаршылықтан өлгендер, қуғын-сүргін құрбандары жатыр" дейді. Тіптен, анайы сөз қолданып: "ыңыранған дауыс естіледі" дейді. Басқа әдемі сөз жоқ па?! "Жанайқайы естіледі" десек болмас па еді?! Бұл құрбандарды ақтау да, құрметтеу де емес, мұны каррикатура деп атайды. Мұндай қателікке жол беруге болмайды. Бұл біздің өз тарихымызды, өз тұлғаларымызды құрметтемейтініміздің белгісі. Тоқаев бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі көтеріліп жатыр ғой. Тез арада мына ұсқынсыз дүниені құрту керек. Міндетті түрде осы жерге емес, қаланың ішінен кең алаңқайы бар жерге ескерткіш қойылуы тиіс деп есептеймін. Алматының айналасының бәрі қуғын-сүргінмен атылғандардың сүйегі. Соған қалада бір ескерткіш қоя алмасақ қандай ел болдық. Анау Жаңалықты айтады. Жаңалық облыстық жерде жатыр. Алматы сияқты 2 миллион халқы бар мегаполис 19 коммисарға бір жақсы ескерткіш қоя алмаса ол неғылған қала?!", - дейді тарихшы.

Шынында да ескерткіштің айналасына төселген тас тозып, қасбетіндегі жазулары өше бастаған

Айналасында шашылып жатқан қоқыстарды көзіміз шалды. Күндіз балалар ойнайтын алаң, кешке маскүнемдер жиналатын орынға айналған

Ауыл тұрғыны Луизаның айтуынша, мұндағы қоқыс жәшігін маскүнемдер темір қабылдайтын жерге өткізіп жібереген

Айналадан сыра ыдыстарын да жиі кездестіресіз

Мұнда қоқыс та сирек жиналады. Жан-жағыңызға қарасаңыз, толған қоқыс. Қоқыс жәшігі де ұрланған. Кейде ертеңгісін не түсте өтіп бара жатсаң, маскүнемдер отырады. Ал кешкісін мүлде қорқынышты, себебі мұнда жарық жоқ, алдыңда кім отырғанын білмейсің. Әрине, халық бұл ескерткіш екенін біледі, көбін бұл тоқтата қоймады", - дейді Луиза.

Профессор Хангелді Әбжанов осында 19 комиссарды әрқайсысына ескерткіш тұрса артық етпейтінін айтады.

"Осы ескерткіштің ұсқынсыздығын, лайық еместігін айтып та, жазып та зар қаққан адамдар баршылық. Соның бірі Ұзақбай Құлымбетовтың қызы, Кәкімжан Қазыбаевтың жолдасы – Орынша апа. Бірақ, ондаған жыл өтті, еститін құлақ, көретін көз, түсінетін ми жоқ. Сырттан келген қонаққа да, өзіміздің азаматтарға да, досқа күлкі, дұшпанға таба болып жатырмыз. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде мына дүниені оңалту керек деп есептеймін. Осында 19 комиссардың әрқайсысының ескерткіші тұрса да артық болмас еді. Ұлттық жаңғыруымыз үшін ұлттың осындай ұл-қыздарын тірілтуіміз керек. Солардың өмірінен, тағдырынан үлгі-өнеге алуымыз керек. Тәуелсіздікке жеткеннен соң тәуелсіздікке лайық іспен көзге түсейік", - деп ағынан жарылды профессор Хангелді Әбжанов.

 

19 нарком деген кімдер?

1. Ұзақбай Құлымбетов – Ол – ауыл мұғалімінен Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне дейін жоғарылаған тұлға.

Ұзақбай Құлымбетов республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына бірден-бір себепкер болған. Ол Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған тұста Қазақ Автономиялық Республикасы Одақтық Республика мәртебесін алды. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекітті. Ол пленум, конференция, сьездерде жасаған баяндамаларында, мақалаларында Екібастұз, Атбасар комбинаттарын қалпына келтіріп, Жетіқара, Аққарға, Бозбие алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселелерді батыл түрде көтерген. Елек тұз өндіру, Ембі мұнай кәсіпорнының қуатын арттыру, мұнай өңдейтін зауыт салу, мал шаруашылығын дамыту, тері өңдеу, тоқыма кәсіпорындарын салу жайында бағдарламалар ұсынған. Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасап, астананың Қызылордадан Алматыға ауысуына байланысты комиссияның төрағасы болды.

2. Темірбек Жүргенов – ағарту комиссары. Ол Тәжікістан мен Өзбекстанда ағарту комиссары болған. Сосын 1933 жылдан бастап Қазақстанда қызмет атқарды. Жүргеновтың басшылығымен қазіргі Абай атындағы опера және балет театры салынды. "Осының ішінде отырып көреміз" деп армандайды екен. Бірақ оған өмірі жетпеді. 1938 жылы атылып кетті, ғимарат 40-жылдара пайдалануға тапсырылды.

3. Жанайдар Сәдуақасов – әдiлет халық комиссары. Халық соты, уездік РК(б)П-ның нұсқаушысы, уездік халық ағарту бөлімінің меңгерушісі,  ҚазКСР Халкомсовы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

4. Есқараев Сүлеймен - Қазақ КСР Халық Комиссарлары Советі төрағасының бірінші орынбасары, бюро мүшесі. 1897 жылы Сырдария облысы Қазалы уезі Қуаңдария болысында туған (қазіргі Қызылорда облысы);

5. Молдажанов Ілияс Ысмайылұлы - Қазақ КСР қаржы халық комиссары. 1900 жылы Семей облысы Қаратоғай аулында туған (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы);

6. Нұрмұхамедов Хасен Нұрмұхамедұлы - Қазақ КСР денсаулық сақтау халық комиссары. 1900 жылы Ақмола облысы Атбасар уезінде туған (қазіргі Ақмола облысы);

7. Қошанбаев Хасен - Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсіп халық комиссары. 1896 жылы Ақмола облысы Атбасар уезінде туған (қазіргі Ақмола облысы);

8. Досов Әбілқайыр Ысқақұлы - Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1899 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезі Қотыркөл болысында туған (қазіргі Ақмола облысы);

9. Сапарбеков Садықбек (18...-1938 ж.ж.) - Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1902 жылы Жаңақорған ауданындағы, Балапантөбе деген жерде туған;

10. Мусин Әйтіке - Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы;

11. Кенжин Аспандияр Кенжеұлы - Семей ет комбинатының директоры. 1887 жылы Орал облысы Гурьев уезі Гурьев қаласында туған (қазіргі Атырау қаласы);

12. Құрамысов Ізмұхан Мұқашұлы - Қазақ КСР совхоздар халық комиссариаты саяси басқармасының бастығы, 1896 жылы Ақтөбе губерниясы Ақбұлақ уезі Тұзтөбе болысында туған (қазіргі Ақтөбе облысы);

13. Сұлтанбеков Жағыпар Сұлтанбекұлы - Қарағанды көмір өнеркәсібі тіресі бастығының бірінші орынбасары 1898 жылы Торғай облысы Қостанай уезі Аманқарағай болысында туған (қазіргі Қостанай облысы);

14. Случак Владимир Еремеевич - Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1898 жылы Ресейдің Гомель қаласында туған;

15. Чудочкин М.А. (18…-1938 ж.ж.) - Қазақ КСР Жер-су шаруашылығы халық комиссарының бірінші орынбасары;

16. Михайленко Я.И. (18…-1938 ж.ж.) - Түрксіб темір жол құрылысының бастығы;

17. Иванов В.И. (18…-1938 ж.ж) - Балқашстрой комбинатының директоры;

18. Берлин Б.М. (18…-1938 ж.ж.) - Ақмола облысында туған. Қоңырат кен байыту комбинатының директоры;

19. Сырғабеков Нығметолла Сырғабекұлы – Қазақ КСР Жер-су шаруашылығы халық комиссары, бюро мүшесі, 1900 жылы Ақмола облысы Петропавл уезі Бейнетқор болысында туған (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы).

Айта кетейік, 1992 жылы арнайы зерттеулерден кейін ашылған бұл қорымда жазықсыз қуғын-сүргін зұлмат заманындағы қазақ қайраткерлері жерленгенін дәлелденгеннен кейін ескерткіш қойылған болатын.