Сарыарқаның тылсым жарықтары Әлемнің таңғажайыптарының қатарына енді. Қазақ жеріндегі бұл құбылыс орыс энциклопедисі Николай Непомнящийдің жасаған тізіміне кірді. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі "Экспресс К" газетіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Ғалымның айтуынша, бұл феномен Нью-Йорк канализациясындағы аллигаторлар, Бермуд үшбұрышы, Пирамида құпияларымен қатар тұруға лайық сыр.
Непомнящий өзінің «Самые невероятные случаи» (Ең таңғажайып құбылыстар) кітабында бұл құбылысты "Торғайдың ғажайып жарықтары" деп атапты. Бір қызығы бұл сағымды орыс геологтары 50 жылдардан бері сөз қылып, зерттеп келген екен.
От шашуды жергілікті тұрғындар кешқұрым уақытта көкжиек деңгейінен, кейде 2-3 шақырым қашықтықтан байқап, анық көріп жүр. Жарық бірде тым күшейіп, бірде әлсізденіп, тұрғындардың көзінің жауын алуда.
Жергілікті тұрғындар аталған аймақта бір әулиенің мазары бар екендігін айтып, бұл таңғажайып оқиларды осы бейітпен байланыстыратындықтарын айтады.
Осы әңгімелерден соң геологтар жарық бағыты бойынша жүріп отырып, расымен бір бейіттің басына тап болыпты. Ал уфолог ғалымдардың пікірінше, бұл құбылысты бөгдепланеталықтардың әрекетімен қорықпай байланыстыра беруге болады.
Кеңестік ғалымдар уақытында бұл феноменді зерттеу үшін бірнеше экспедициялар ұйымдастырған екен. Непомнящийдің айтуынша, сол зерттеу кезінде таңғажайып от шашудың көбінесе Семиозерное, Диевка ауылдарында байқалатындығы белгілі болған. Ал шоуды анығырақ көргісі келген жан Аманқарағай немесе Терсек орман массивіне жол тартып, қызыққа батуына болады.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!