Кешегі күн мен үшін ғаламторда "қыдыру" күні болды десек те болады. Сүйікті әлеуметтік желілердің бірі "вконтактеде" достарымның бірі Алматыда ерекше қатынау көлігі жайлы айтқан еді. Қандай көлік дейсіздер ғой? Айтайын. Сүйікті қаламызда трамвай ішінде орналасқан кофехана бар екен. Басында бұған сене алмадым. Интернетті біраз шарлаған соң, шынымен де осындай трамвай-кафенің бар екеніне көзім жетті. Елді осы ерекше кафемен таныстыруды ұйғардым.
Өзім әлі барып көрмегендіктен, ұзын-құлақтардан естігенімді айтқым келіп отыр (жеке басым алдағы уақытта міндетті түрде барып, бір кофе ішіп қайтуды шештім). Ғажап трамвай Қонаев-Шевченко көшелері қиылысына кешкі сағат 20:30-да келеді екен. Әсем Алматының кешкі ауасы, көше бойын жағалай өткен фонарьлар мен жасыл ағаштар адамдарға патша күймесін күтіп тұрғандай сезім қалдыратын сияқты. Білуімше, адам көп болатын көрінеді. Әсіресе жұптар (мүмкін жігіттер сүйіктілеріне тосын сый жасамақ болған шығар). Трамвайда барлығы 25 орын бар. Сондықтан орынды алдын ала брондау қажет.
Трамвай іші жағымды атмосфераға толы, интерьері ұнамды, трамвай тақырыбына сай қабырғаға бірнеше сурет пен фотосуреттер ілінген. Кафе ішіндегі заттардың барлығы ағаштан жасалған екен. Естуімше, баға жағынан ыңғайлы екен. Кіруге адам басына 500тг, ал қызмет көрсету 10 пайыз. Берілген мәзірдің ішіндегі көрсетілген бағалар қалта көтереді-мыс.
Трамвай бағдары бірінші Қонаев-Шевченко көшелері қиылысынан басталып, Байтұрсынов, Мақатаев, Қонаев көшелерімен өтеді. Жарты сағат жолаушыларды күтіп, содан кейін сапарға шығады. Трамвай 23:00-да бастапқы орнына оралып, 00:00-ге дейін аялдап қайтадан сапарға аттанады-мыс. Осылай ол таңғы 04:00-ге дейін аптасына 6 күн (Сейсенбі мен Жексенбі күндері аралығы) жұмыс істейді екен.
P.S. Алматыда осындай жердің ашылғанына өз басым өте қуаныштымын. Алда да ерекше жерлер пайда болса екен. Ал алматылықтарға міндетті түрде Трамвай-кафеге барып-қайтуға кеңес беремін. Айтпақшы, ол жақта парольсіз Wi-Fi да бар екен!
Автор: Ханзада Аянұлы
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!