- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Референдумның алдын ала...
Референдумның алдын ала нәтижесі белгілі болды
Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумның алдын ала қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"6 маусымда сағат 08:00-де еліміздің барлық өңірлеріндегі және шетелдегі 10 012 сайлау учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Конституциялық түзетулер бойынша дауыс беру жалпыхалықтық сипатта болды. "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың жартысынан астамы қатысса, сондай-ақ, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісі дауыс беруге қатысса референдум өткізілді деп есептеледі", - деп хабарлады брифингте Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Алдын ала мәлімет бойынша, азаматтардың 77,18 пайызы дауыс берген. Түзетулерге қарсы - 18,66 пайыз. Бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылды. Дауыстарды санау кезінде бюллетеньдердің 1,58 пайызы есепке алынған жоқ.
Дауыс беруге құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 986 293-і дауыс берді. Дауыс берушілердің 68,06 пайызы қатысты.
Еске салайық, 5 маусымда таңғы 07.00 мен 20.00 аралығында Конституциялық түзетулерге байланысты референдум өтті.
Референдумда қазақстандықтар Конституциядағы түзетулердің болу не болмауына дауыс берді. Яғни бюллетеньде тек бір сұрақ: "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?". Сұраққа "иә" не "жоқ" деп жауап беруі керек болды.
Т. Раушанұлы