- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Павлодарлық инкассатор бір...
Павлодарлық инкассатор бір қап алтынды жоғалтып алды
Павлодарда мынадай бір қызық оқиға орын алды. Жергілікті инкассаторлар 15 килограмм алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарды жоғалтып алды. Тастар 160 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Қызметкерлер алтындарды қоймадан алып, зергерлік дүкенге жеткізу керек болған. Инкассаторлардың біреуі бұйымдар салынған қапты мәшинеге салып, артқы есікті шала-шарпы жауып жүріп кеткен. Бұл эпизодты көшеге орнатылған видеокамера түсіріп алыпты. Бір бұрылыста есік ашылып кетіп, 160 миллион теңгелік бұйымдар жолға түсіп қалған.
15 минуттан кейін қапты полицейлер тауып алып, бөлімшеге апарып, содан соң саперларды шақырған. Нәтижесінде қапта ешқандай жарылғыш зат емес, алтыннан жасалған бұйымдар бар екендігі белгілі болды.
"Қап дүкенге қайтарылды. Инкассаторлар ешқандай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Себебі дүкен ешқандай шығынға ұшыраған жоқ", - деп сұхбат берді Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметінің хатшысы Баян Мағзумова.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
Massaget