- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Павлодар облысындағы көрнекті...
Павлодар облысындағы көрнекті орындар мен тарихи жерлер
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі" деген болатын. Тарихта аты қалған, бүгінде есімі аңызға айналған парасатты, ізгі ниетті, адасқанда халқына бағыт-бағдар берген аңызға айналған адамдар көп. Сол адамдардың ұрпағы ретінде кесене тұрғызып, атын асқақтату жолын ғана қарастыра аламыз. Соның бірі — "Қазақстанның тарихи әрі киелі жерлерінің географиясы" жобасын дайындау. Бүгін жоба аясында жасалған еліміздің солтүстік өңіріне қарасты Павлодар облысында орналасқан киелі жерлермен таныстырамыз.
Жасыбай Өмірұлының жерленген жері
Жасыбай батыр Павлодар облысы Баянауыл ауданы, Жасыбай көлінің жағасында жерленген. Жасыбай Өмірұлы — жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақтың әйгілі батыры. Аңызға сенсек, оның әкесі Өмір орақ тілді шешен, анасы – қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы болған.
Батыр жөнінде орыс ғалымы Н.Коншиннің жазбаларында, халық шежірелерінде, аңыз-әңгімелерде, батырдың өзіне арналып шығарылған "Ер Жасыбай" жыр-дастанында біраз мағлұматтар берілген. Соларға қарағанда, ол Олжабайдың жиені ғана емес, жауға бірге шапқан серігі, жақын досы болған. "1741 жылы Баянауылда болған шайқаста Олжабай, Жасыбай жасақтары жоңғарларды талқандайды. Жасыбай оққа ұшқан соң, Олжабай қалмақтарды тегісімен жойған бір тау "Қалмаққырған" атанады",— деп Марғұлан Әлкей өз шығармаларында жазған екен.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы кесенесі
Кесене Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ескелді елдімекенінде орналасқан. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы — ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы. Ол бірнеше тілде еркін сөйлеген ғұлама тұлға.
Ерте жасынан бастап халық әдебиеті үлгілерін жинаумен айналыса бастаған. Он бес жасында ақындық жолға келеді. Мұса Шорманұлы ауылына қонақ болып келгенде кішкене баланың өнеріне тәнті болыпты. Ақын баланың әкесіне: "Сопы, мына балаңа мұнан былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа мәшһүр болатын бала екен!" деп айтқан екен. Содан кейін "Жүсіп" деген атына "Мәшһүр" аты қосақтала бастайды. Көзі көрген адамдардың айтуынша, ақынның көріпкелдік, әулиелік қасиеті болған. Кесене ішінде канондық мұсылман стилінде екі бөлме орналасқан: гурхана және зиратхана. Бұл бөлмеге шығатын есіктерде Құран аяттарынан жолдар жазылған. Кесененің екі күмбезін алтынмен аптаған, оған Құдайдың 99-ы есімі жазылған.
Исабек Хазірет кесенесі
Хазіреттің кесенесі Павлодар облысы Екібастұз ауданы Ақкөл ауылында орналасқан. Кесене 2010 жылы тұрғызылған. Исабек Хазірет – ислам дінін таратушылардың бірі, белгілі философ, ағартушы және Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің ұстазы болған адам. Ол Ақкөл – Жайылма жерінде медресе ашып, мешіт тұрғызған. Исабек ишан XVIII ғасырдың ортасында осы ежелгі қалада білім алған. Оның ықпалымен Баянауыл аумағындағы ондаған адам Меккеге қажылыққа барған.
Ақкөл-жайылма қалашығы
Аталған қалашық Павлодар облысы Екібастұз ауданында орналасқан. Ақкөлді жергілікті қазақ қариялары Әулиекөл деп те атайды. Қалашық туралы ақпарат өте сирек кездеседі. Оны тек ортағасырлық шежіре деректері мен тарихи жазбалардан табуға болады. Ақкөл-Жайылма өңірі Өлеңті және Шідерті өзендерінің төменгі ағысындағы ұлан-байтақ жерді алып жатыр.
Ақкөл-Жайылма табиғатының әсемдігімен және табиғи байлықтарымен ерекшеленеді. Бұл аймақ әулиелер жерленген орда деп аталады. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын қазақ үшін бұл өңір ерекше. Қалың қамыс басқан Ақкөл мен Жаман көл жағалары қысқы қонысқа өте ыңғайлы. Тарихи дерек бойынша, Ақкөл-Жайылма қалашығында хан сайлаулары өтіп тұрған. Соның бірі – 1817 жылы 30 мамыр күні осы жерде Орта жүздің ханы болып Барақұлы Бөкейдің сайлануы.
Баянауыл тауындағы Қоңыр әулие үңгірі
Баянауыл тауындағы Қоңыр әулие үңгірі Павлодар облысы Баянауыл ауданы аумағындағы Жасыбай көлінен үш шақырым жерде орналасқан. Қоңыр әулие немесе Әулие тас үңгірі ертеден бері адамзат баласының анасы Байананың құт мекені деп есептеледі.
Қоңыр әулие өте көне заманнан Жаратқаннан адамдардың тілек тілейтін орны деп саналған. Үңгір тектоникалық жүк түсуден, гранит тасына табиғи сыртқы күштердің (жел, күннің қызуы, су шаю, т.б.) әсерінен пайда болған деседі.
Қоңыр әулие үңгірінің қасиетіне табыну – тас дәуірінің көне қатпарларынан келе жатқан адамзат баласының ең көне ғұрыптарының бірі. Үңгір қажылықтың киелі жері саналған. Мұндай табынудың себебі – түбіне үнемі су жиналатын үңгір түкпіріндегі қазан. Бұл су ауырғанға ем, қасиетті болып саналады. Бұл – адам мүрдесі жерленбеген табиғи құрылым.
Т. Есқали