- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Ойтолғау: Ақтөбе қаласына...
Ойтолғау: Ақтөбе қаласына 145 жыл!
Міне, бүгін де жаңа келген жаңа күнмен бірге өмірдің тағы бір бетін аштық біз де. Бүгінгі күннен де күтерім көп менің, сен оны жақсы білесің, білесің де, сәттілік тілейсің маған. Және үнемі осылай, біз ешқашан ажыраған емеспіз, әрқашан менің жанымдасың.
Сен маған талай қуанышты сәттеріңді сыйладың: талай сенің бауырыңда ойнадым, күлдім, бала болдым, шала болдым, армандадым, бірақ қашан да арманымның бір ұшын сенімен жалғадым, сенен ұзап кете алмадым, себебі сен мәңгі менің жүрегімде тұратынсың; ғашық та болдым, сағындым... Сондай шақтарда мен сенің аспаныңа бар дауысыммен: «Мен бақыттымын!» деп жар салғым келетін, ал сен... Ал сен болсаң, бала секілді қызғанып қарап тұратынсың және әрдайым менің осы бір тәтті шақтарымды есіңде сақтап жүретінсің, ал мұңайған кездерім болса, есіме салып, қуантатынсың.
Бақытсыз сәттерің де көп сенің, талай рет жалғызсырап тұрған көшелеріңмен үйге жалғыз қайтқам, талай телефонымды үнсіз қоюшы ең, мен оны күткем, бірақ жанымда сен болдың, талай таңды бірге кірпік ілмей атырушы ек. Мен жыласам, шайдай ашық аспаныңды бұлт торлайтын, талай тереземді тамшыларың ұрғаны да есімде. Ешкімге айтпаған сырларымды сенен артық білетін жан жоқ шығар, сен ғана жан дүниемді түсенесің, әттең, тек үнсізсің...
Екеуміз бірімізсіз-біріміз өмір сүре алмаймыз, сенің өмірің – менмін!
Сенің кешіңді сүйем, кешің сондай тамаша, жүректі тебірентер самалыңды сүйем, сенің самалыңнан артық туған ештеңе жоқ болар мен үшін, мақпал түнің керемет! Сен мен үшін жай ғана қала емес, сен мен үшін тұтас бір Әлемсің!
Жыл санап, қуаныш пен өкінішті сәттерді алмастырып, сенің жаныңда мен бойжетіп келем, әне, жастығым сенің көшеңде кетіп барады, сен де өсіп келесің, өркендеп келесің, көркейіп келесің.
Ендеше, тағы бір туған күнің құтты болсын әсем Әлем, талай үзілген үміттерді жалғаған көктем Әлем, талай жалғыз жүректерді табыстырған махаббаттың қаласы, әлі талай үміттерді ақтарсың, менің сүйікті қалам, Ақтөбем!
Жолдаған: Айгерім Мазинова
Дайындаған. Мейіргүл Оңғарова
Сурет: akko.kz, mgorod.kz
Р. Роза