Қазақ халқының ырым-тыйымдары ұлтымыздың рухани өмірімен ежелден бері біте қайнасқаны белгілі. Қазіргі кезде олар болашақ ұрпағымыз үшін үлкен тәрбиелік мағынаға ие болып отыр. Оған мысал ретінде той-томалақтардың өз дәстүрімізге сай өтіп жатқандығын айтсақ болады. Қазақта жанұя, шаңырақ көтеру, үй тіршілігі секілді қандай ырым-тыйымдар сақталғандығын көрейік.
Жеті атаға толмай некеге отыруға рұқсат етілмейді. Бұл ұлт дәстүрінде туыстық қалыпты сақтау үшін, ұрпақ денсаулығының мықты болуы үшін қалыптасып, сақталған. Бұрын жалғыз ұл соғысқа алынбаған. Бұл – отбасының ұрпақ жалғастығы үзілмесін деген мағына. Баланың кіндігін кесу инабатты, ибалы әйелдерге ұсынылады. Жиеннен нағашының жолы үлкен. "Нағашымен күрескен жиен жығылады" деген сөз қалған. Өртте, індетте, апатта мал-мүлкі шығын болғандарға бүкіл ауыл адамдары, туыс-туысқандар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесе көмектеседі. Халық ынтымағының бекемдігі қиын-қыстау кезеңде көрінген. Сырттан қосылған малды ел-жұртқа хабарлайды. Мал иесі сүйіншісін беріп, малын алады. Араздасқандарды ел ағалары (ақсақалдары) татуластырады.
Үйге келгендер қамшысын екі бүктеп ұстайды. Оттың орнын аттауға болмайды. Үйленген ұлдарға әке-шешесі енші беріп, бөлек шығарады. Енші алған балалар әке-шешесіне, жақын туыстарына, үлкендерге арнайы қыстан сыбаға жібереді. Асарға, үмеге шақырғанда қалыс қалу өте ұят. Туыс адамдар қуанышты, қазалы күндерді бірлесіп көтереді, ат салысады, көмек береді. Сұрағандарға қарыз беру үлкен адамгершілік. Егер сұраған адам "Пайғамбар қарызы" деп сұраса оған үндемеу керек. Пайғамбарды ауызға алғаны оның қатты қысылып тұрғандығының әрі сөзсіз қайтаратындығының белгісі немесе кепілі.
Иесі сатқан малының сілекейін орамалмен сүртеді. "Мал сілекейі" деген бұл ырым мал басы кемімесін, киесі кетіп қалмасын деген ниеттен шыққан. Үйге келген кісіні жылы шыраймен қарсы алады. Ұзатылып бара жатқан қыз артына қарамайды. Біреудің жақыны (әкесі, анасы, бауыры, баласы т.б.) қайтыс болса, сыйласқан адамдар сол кісіні үйге шақырады. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі. Жігіт – қызға, жас палуан – қарт палуанға, жас ақын – аға ақынға жолын береді. Бұл мәрттіктің, қазақы қалыптың шын белгісі. Көршімен жақсы тұру – жақсы қасиет. Туыс-туған, ілік жекжаттармен араласып-құраласып тұру – ұлттық парыз. Қарттарға сәлем беру, науқастың көңілін сұрау – азаматтық міндет. Күйеуі қайтыс болған әйел жыл толмай тұрмыс құрмайды.
Екіқабат әйелмен айырылыспайды, сонымен ондай әйелмен некеге де отырмайды. Әйел босанғаннан кейін рұқсат етіледі. Оң жақта отырып екіқабат болып қалған қыз қалыңдықсыз беріледі. Кірдің суын аяқ басып жүрген, көз көретін жерге төкпейді. Күлді баспайды. Қиын сәттерде жолдасын жолға тастамайды. Біреудің үйінде ірілік, дөрекілік жасамайды. Ондай жағдайда "Шаңыраққа қара" деп зіл айтады. Үкі тағылған, яғни айттырылған қызға құда жібермейді, сөз салмайды. Ұзатылған қызға жыл толмай өз үйіне келуіне рұқсат жоқ. Ол әбестік, ұят іс болып саналады. Қазақ әйелі орындыққа аяғын айқастырып отырмайды.
Бір кісінің екі қызын қатар әйелдікке алуға рұқсат берілмеген. Тек алған әйелі қайтыс болған жағдайда екінші қызын алуға болады. Үйге келген кісіге "Сен кімсің?" демейді. Қонаққа ықылас білдіріп, төрге шақыру – ата дәстүріміз. Күйеу мен жігіттің төл сыбағасы – төс пен асықты жілік. Жаңа түскен келінді күйеудің туыстары арнайы үй көрсетуге шақырады. Оған дейін келін ол үйге бара алмайды. Келіншектің туыстары да күйеу баланы үйіне шақырады. Оны "Есік ашар" деп атайды. Қонаққа үй иесі аттанарда "Бұйымтайыңыз бар ма?" деп сұрайды. Ол "Тілегіңіз, қалағаныңыз бар ма?" деген мағынада. Қонақтың тілегін орындау парыз әрі құрмет. Кәрі кісілерге жұмсақ, дәмді тағам әзірленеді. Мұны "бел көтерер" деп атайды. Құрдас адамдар қалжыңдасып, әзілдесіп отырады. Оны ерсі санауға болмайды.
Оқи отырыңыз:
Жақсы сөз – жарым ырыс
Қасиетті деп нені атаймыз?
Қазақтар жыл санауды қалай түсінген?
Қазақтың қандай салт-дәстүрлері қазір өз күшінде?
Дайындаған: Жұлдыз Телемісова
Сурет: Massaget.kz