- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Отан қорғаушылар –...
Отан қорғаушылар – Отарда
Еліміз Тәуелсіздік алған мезгілден бастап Қазақстан Қарулы күштері жыл өткен сайын қуаттанып, айбарланып келеді. Қарулы күштердің әл-ауқаты мен қуаттылығын алғаш рет 2013 жылы Отар әскери базасында өткен жауынгерлік парад кезінде толыққанды аңғардық.
Естеріңізде болса, тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл шараға 7 мыңға жуық жауынгер, 500-ден астам әскери техника жұмылдырылған еді. Шеруде 86 әскери ұшақ пен тікұшақ, сонымен қатар 400 бронды техника ұрыс кезіндегі қимыл-әрекеттерін көрсеткен. Ал әскери ұшқыштар С-295 әскери ұшағын тұңғыш рет топырақты алаңға қондырған еді.
Дәл осы әскери базада екінші мәрте Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күніне орай әскери шеру өтеді. ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің жариялаған ақпараты бойынша, биылғы парадқа 3 мыңнан астам жауынгер, 300-ден аса әскери техника, 30-ға жуық әуе техникасы қатысады. Дайындық жұмыстары Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұқан Дүйсекеевтің басшылығымен өткен. Парадқа қатысатын жауынгерлердің барлығы психологиялық және саптық даярлық бойынша іріктеліп алынған үздік сарбаздар. Олар шеруден бөлек, сынақ алаңында атыс шеберліктерін көрсететін болады. Яғни, Мәтібұлақ немесе Отар 40-шы әскери базасының сынақ алаңында соғыс құралдарының қуаттылығын көрсететін жаттығулар өтеді.
Бұл жауынгерлік парадтың дайындығы осыдан дәл 1 ай бұрын басталып кетті. Тіпті, әлеуметтік желілерде қатардағы жауынгерлердің «Мен қазақпын, бойымдағы қан қазақ» әнін шырқағаны бірнеше көрілім жинап, осыған дейін қызу талқыда болды. Бұл бейне, даярлық жұмыстар кезінде түсірілген болып шықты.
Тағы да естеріңізге сала кетсек, жауынгерлік шеру салтанатты түрде Астана уақыты бойынша дәл 10:45-те басталады. Іс-шараны барлық Республикалық телеарналар тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, Ақорда мен ҚР Қорғаныс министрліктерінің ресми сайттарынан, Ақорданың Facebook-тегі парақшасынан онлайн режимде көруге мүмкіндік бар.
Біздің мақалаларды Telegram желісінен оқығыңыз келсе 1-ді басыңыз!
А. Қажиев