Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

Отан қорғаушылар күні құтты болсын!
Фото: massaget.kz

Бүгінгі күн – Тәуелсіз мемлекетіміз үшін айрықша маңызға ие айтулы күн. Себебі, 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды.

1991 жылдың 25 қазанында алғаш рет құрылған Қазақ КСР-ның мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып ауысты. Тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болып құрылғандықтан «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. 

2012 жылдың 4 қазанында Қазақстан Республикасының Парламенті мейрамдарға арналған заңды қайта қарап шықты. Осы іс жүзеге асқаннан кейін, ел ішінде тойланатын мерекелерге өзгерістер енді. Парламент 7 мамырды мемлекеттік мереке деп таныды. Сәйкесінше, бұл айтулы дата демалыс күні болып бекітілді. 

Осыдан 26 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб - жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери - Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді. 

Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күніне орай бүгін Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында әскери шеру өтеді. 3000-ға жуық әскери қызметкер, 300 қару-жарақ, әскери техникалар мен 30 бірлік ұшу аппараты жұмылдырылған бұл іс-шара Астана уақыты бойынша таңғы сағат 10:45-те басталады. Әскери шараны барлық республикалық телеарналар тікелей эфирде көрсетеді. Бұдан бөлек, жауынгерлік парадты Ақорда және Қорғаныс министрлігінің ресми сайттарынан және Ақорданың Facebook-тегі парақшасынан онлайн режимде көруге болады.

Еліміздің барлық ер-азаматтар қауымын, әскери қызметкерлерді айтулы мерекемен massaget.kz ұжымының атынан шын жүректен құттықтаймыз! Ел шекарасын күзеткен жауынгерлердің, Отан үшін от кешкен әскери қызметкерлердің арқасында еліміз бейбіт күн кешіп жатыр. Ел іргесі аман болсын. Мінезінің ауырлығы жердей, жылулығы күндей, тазалығы судай жауынгерлер жасай берсін!

Біздің мақалаларды Telegram желісінен оқығыңыз келсе 1-ді басыңыз!

 
А. Қажиев