Шығыс Қазақстанды еліміздің "інжу моншағы" дейді. Бұған келіспеске амал жоқ. Тауы қандай, ну орманы мен өзен-көлін айтпасқа болмас.
Өскемен – еліміздегі ең ескі қалалардың бірі. Қала статусы 1868 жылы берілген. Үлбі мен Ертістің тоғысқан тұсында орналасқан қаланың 300 мың тұрғыны бар. Өскеменге алғаш келген қонақтарға мынадай тамаша жерлерге баруға кеңес береміз.
Ертіс жағалауы
Қалаға алғаш келген қонақ бірінші кезекте Ертістің бойымен жүріп қайтуы қажет. Өйткені бұл – Өскеменнің жүрегі. Күндіз өзеннің сұлулығына көз суарып, ал кешке күн батуын тамашалауға болады. Ертіс пен Үлбінің тоғысқан жеріне келген адамдар арман-тілегін айтып кетеді екен. Бір айта кетерлігі, Ертістің ағыны қатты болғаны соншалық қыстың қақаған күнінде де қатпайды.
Өскемен бекінісі
1720 жылы І Петрдің бұйрығымен кірпіші қаланған бекініс қала өміріне тыныс берді. Бекіністің өзі бүгінге дейін сақталмаса да, оның орыны қалған.
Өскемен трамвайлары
Осыдан 15-20 жыл бұрын көп қалада болған трамвайлар Өскеменде әлі күнге дейін жүреді. Ақ-көк түсті трамвай № 3 бағытымен жолаушы тасиды.
Арбат
Жақында Арбатта күрделі жөндеу жұмысы болды. Қала тұрғындары мен жастары жиналатын жерде дәмханалар мен дүкендер көп.
Вучетич жасаған мүсін
Өскеменде кеңес мүсіншісі Евгений Вучетичтің "Перекуем мечи на орала" туындысының көшірмесі орналасқан.
Qurt&Wine және Арал қазақ асханасы
"Қала қонақтарына біздің мейрамханада тек жергілікті өнімдерден жасалған тағамды ұсынамыз. Оған қоса қазақ асханасында бар тамақтарды жаңа рецепт бойынша дайындаймыз. Осылайша қала қонақтарын ерекше асханамызбен таңғалдыруды жөн көрдік", - дейді мейрамхана иесі Мұхтар Тойбазаров.
Тау-шаңғы курорттары
"Нұртау" тау-шаңғы курорты Өскеменнен 35 шақырым қашықта орналасқан. Курорт аймағында коттедж үйлер, мейрамханалар, монша секілді демалуға арналған барлық нысан бар. Қонақтардың қалауына қарай ойын-сауық түрлері бар. Дегенмен қонақтардың негізгі лебі шаңғы тебу үшін келеді.
"Тау бөктерінде бір уақытта мыңға жуық адам шаңғы тебе алады. Негізгі жолдың ұзындығы 1800 метрді құрайды. Одан бөлек тағы үш жол бар", - дейді "Бипек-Авто" компаниялар тобының әлеуметтік коммуникациялар департаментінің директоры Роза Байғазанова.
"Алтай Альпісі"
Өскеменнен ары 30 минут жүргеннен кейін, жолда тағы бір тау-шаңғы курорты бар. "Алтай Альпісі" атауы Кіші Үлбі өзенінің құрметіне аталған.
"Бір адамға тәулігіне 20 мың теңге кетеді. Оған тамақ пен шаңғы тебу де кіреді. Қонақтардың басым бөлігі Өскеменнен келеді. Одан бөлек Павлодар, Семей, Қарағанды және Нұр-Сұлтаннан келушілер де көп", - дейді курорт иесі Александр Чиликин.
"Рахман қайнары"
Қатон-Қарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркі аумағында орналасқан "Рахман қайнары" шипажайына жұрт денсаулығын жақсарту үшін келеді. Рахман қайнарларының емдік қасиеті ХХ ғасырдан белгілі.
"Рахман қайнарлары – бұл көлдің айналасындағы радон көздері. Біздің емдік нысандар радон көздерінің үстінде орналасқан. Судың емдік қасиеті бар", - дейді Роза Байгазанова.