Тарихты тег бойынша ақтарар болсақ, Жалаңашкөл деген сөздің төркінінде ерекше салқындық, қатігездік жатқандай. Оңтүстік-шығыстан ескен салқын самал осы тарихи оқиғаларды естен шығартқысы келмейтіндей. Жаугершілік заманда Жалаңашкөлде қазақ үшін маңызы зор айтулы оқиғалар болды. Бұл жайлы тарихи естеліктер де, халық аузында түрлі әпсана да бар. Ойраттар бірігіп Жоңғар империясын құрғанда қазақтың сайын даласына алартып көз тігіп еді. Хандық құрылғаннан кейін осы арам пиғылдың жоспары күнтізбенің бірінші кезегінде тұрды. Қалың жоңғар жер қайыстырып қазақ даласына басып кірді. Жоңғар қақпасынан ұйытқып соғатын Ебі желі таудың арғы беткейінен суық хабармен қоса, жоңғар әскерінің алғашқы легін айдап келді. Қазақ-жоңғар арасындағы соғыс ғасырға ұласып, соңында Аңырақайдан кейін жоңғар тектінің бірі қалмай қаша жөнелді. Қабанбай батыр қалың қолымен қақпадан басакөктеп кірген жоңғарды Үрімшіге дейін қуып барды. Дарабоздың ортаға оралғанын күткен хан Абылай Жалаңашкөлдің тұсында 100 үй тіктіріп, ұлы жеңісті 40 күн тойлады. Жеңістің хабары қазақ даласына тарап, көк бөрінің ұрпағы көк бөрікті аспанға атып, бір қуанысып еді. Жалаңашкөлдегі осы жиында Қабанбай батыр, қазақтың енді отырықшы ел болуы керектігін айтқан. Ендігі жауың Қытай болуы мүмкін, мен Қаракерей елімен ел шекарасында қаламын деп Абылайдың рұқсатын алған Қабанбай батыр ел тыныштығы үшін қақпаның маңын торуылдады. Ендігі жауың Қытай болуы мүмкін. Бабаның осы сөзінің қуаттылығын халық 1969-дың 13 тамызында түсінді. Тарихтың кітабына бұл жағдай Жалаңашкөл оқиғасы деген атаумен түскен. 13 тамыздың түн қараңғысында Қытай мен Қазақстан шекарасы Жалаңашкөл заставасында күтпеген жағдай орын алды. Қытайлықтар осы қақтығысты әдейі жүргізгенге ұқсайды. Біраз жерді басып алып, оны иемденуге талпыныс жасаған. Бұл жағдай Ресейдің Даманск шекара бекетінде де дәл осы жылы қайталаныпты. Мықты қаруланған Қытай жауынгерлері Қазақстан шекарасындағы Жалаңашкөл заставасы орналасқан Тасты шоқысына басып кірді. Бұл шикілікті бірден сезген шекара азаматтары қарулы топқа орыс, қытай тілдерінде заңды бұзбай, кері кетулерін талап етеді. Алайда қытайлықтар бұл сөзді құлақтарына да қыстырмай, бірер уақыт өткен соң заставаға оқ жаудыра бастайды. Біздің шекарашылар да қарсы тойтарыс беруге шығып, екі жақты атыс басталады. Жағдайға байланысты соғыс тактикасын жедел түрде құра білген шекарашылар басқыншыларға үш жақтан қорғанып, тойтарыс береді. Шайқас барысында 3 офицер жараланады. Соған қарамастан олар өз бөлімшелерін басқарусыз қалдырмай, соңына дейін қорғанады. Үш жақтан шабуылдаған біздің әскер, орынды жүргізілген осы соғыс тактикасының арқасында қытайлықтарды қоршауға алады. Шоқыға бірінші жеткен М. Дулепов жарақатына қарамастан қолындағы гранатаны жау әскеріне лақтырып, бірнеше қытайлықтарды жер жастандырған. Сол жерде ұрыс барысында ерлік көрсеткен қатардағы жауынгер В. Рязанов оққа ұшып, қаза болады. Туған жеріміздің киелі топырағын таптатпай, жауды кейін қайтарған біздің аз ғана жауынгерлер жақсы қаруланған 80-ге жуық басқыншыларды елден қуып, жеңіске жетеді. Сонымен қатар, 3 қытай жауынгерін, 50-ге жуық мылтық, 4 пулемет, көп мөлшерде оқ дәрі, 3 кинокамера, 2 фотоаппаратты қолға түсіреді. Шындығында бұл шайқас сол кездегі Кеңес әскерінің күш-қуатын, табандылығын көрсетті. Осы қақтығыста белсенділік танытқан азаматтарға және кіші сержант Михаил Дулепов пен қатардағы жауынгер Виталий Рязанов аруақтарына алғыс білдіріп, Қызыл ту орденімен марапаттайды. Осы оқиғадан кейін олардың есімдері аудан орталығы Үшарал қаласындағы екі көшеге берілді. Ғасыр өтеді, ұрпақ ауысады, тұрмыс өзгереді. Барлығы уақыттың еншісінде. Күйбіңмен, жеке бастың пайдасымен күн кешкен кей пенде ұмытылып қала береді. Ал, батыр бабалардың ерлігі мен халықтың игіліне жасаған ізгі істері ұмытылмақ емес. Жалаңашкөл талай тарихи оқиғаға куә болып келген киелі орын. Осы маңда орын алған жағдайды ел есіне түсіріп, жадтан жоғалтпауымыз керек. Сонда ғана даңқты бабалардың даңғыл жолын жалғастырар жас ұрпақ қалыптасады.