- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Оңтүстік Қазақстанда су...
Оңтүстік Қазақстанда су тасқыны болуы мүмкін
Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқыны қаупіне байланысты ескерту берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына сілтеме жасап.
"12 ақпанда күтілетін жауын-шашынның көп болуына және температураның жоғарылауына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының аласа таулы өңірлеріндегі жекелеген өзендердің суы тасиды", - делінген метеорологтердің хабарламасында.
Ал мұның алдында Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі бұл өңірде 11-12 ақпан күндері ауа температурасы жоғарылап, жауын-шашынның көп түсуіне байланысты аласа таулы өңірлеріндегі жекелеген өзендердің суы тасып, биік қырлардан жылдам қарқынмен судың ағуы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Сонымен қатар, су деңгейінің көтерлу қаупі бар екені де ескертілді.
Айта кетейік, синоптиктердің болжамына қарағанда, 12-14 ақпан күндері Ресейдің еуропалық бөлігі мен Батыс Сібірдің солтүстік аумағынан жылжып келе жатқан Атлантика циклоны мен атмосфералық фронттарға байланысты Қазақстанның солтүстік облыстарында қар жауып, боран соғады. Сонымен қатар, желдің жылдамдығы секундына 15-25 метрге дейін артады.
"Республиканың оңтүстік және шығыс аудандарындағы ауа райына Жерорта теңізінде қалыптасқан циклонның әсері ықпал етіп жатыр, осыған байланысты жаңбыр мен сулы қар жауады, көктайғақ болады. Ал шығыста қар жауып, күндізгі температура 0-5 градус жылы болады. Бірақ циклонның орнына қатты жылдамдықпен антициклон келіп, жылымық қайтадан аяздармен алмасады", - делінген хабарламада.
сурет: tengrinews.kz
Е. Қайрахан