- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Өнердің қара шаңырағы...
Өнердің қара шаңырағы - «Қазақконцерт»
Өз уақытында қазақтың көрнектi өнер қайраткерi, академик А. Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кiтабында: «...1960 жылы Республикада эстрада өнерiнiң кеңеюi мен өсуiне көңiл аудара отырып, қазақ эстрадасы Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттiк филармониясынан бөлiнiп, өз алдына «Қазақконцерт» аталатын мекеме болды. Эстрадамен байланысты барлық өнер қайраткерлерi, оның iшiнде Ж. Омарова да «Қазақконцертке» ауысты» - деп жазды.
Академиктің жоғарыдағы сөзіне арқау болып отырған мекеме күні бүгінге дейін өмірдің өнер атты сезімге құндақталған перзентін күллі жұртқа паш етіп келеді. Қазақ өнерінің, ұлттық өнердің, дәстүрлі өнердің қаймағын бұзбай бүгінге жеткізген «Қазақконцерт» бірлестігі - кешегі мен бүгінгіні үндестірген арадағы алтын көпір десек, артық айтқандық емес.
"Өткенді айтпай болашақ жоқ" демекші, осы тұста «Қазақконцерт» өз ізін қалдырған тарих беттерін парақтап өткеніміз абзал болар.
Қазақтың Мемлекеттiк «Қазақконцерт» гастрольдi - концерт бiрлестiгi 1960 жылы сәуір айының жиырма бесінші жұлдызында Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының эстрада секторы негізінде құрылған. «Қазақконцерт» бiрлестiгiнiң бірінші директорлығына Г. И. Вайсман тағайындалды.
Алғашқы жылдары «Қазақконцерт» ұжымы ұйымдастырған дәстүрлі музыка кештері мен эстрадалық жанрдағы драмалық қойылымдар көрерменнің көңілінен шығып жүрді.
Өздерінің ерен еңбектерінің арқасында 1988 – 1989 ж.ж. «Қазақконцерт» КСРО – ға жататын республикалар бойынша ауылдарда өткізілген концерттер мен көрермендер саны жағынан алдыңғы орындарды алған мәдени концерттік мекемелердің біріне айналды.
«Мәдениетті қолдау жылы» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған «Ақ отауда шашайын, той шашуын» атты театрландырылған сазды – лирикалық кешті, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Еркіндікті жыр етем, жаңа ғасыр сазымен!» атты салтанатты концертін, 2ОО3 - 2ОО5 ауыл жылдары аясында «Ауылым - әнім» атты ән фестивалін Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Астана қаласында және көптеген аудан орталықтары мен ауыл – аймақтарында өткізіліп, көрерменге рухани ләззат сыйлады.
Ал шет елдердегі атап айтқанда, АҚШ, Араб эмираттарында, Ресей, Украина, Жапония, Франция, Италия, Испания, Түркия, Түркменстан, Қырғызстан, Қытай астанасы Шанхай қаласында ұйымдастырылған кештер қазақ өнерінің мәртебесін көкке шарықтатты.
Киелі ордада ұлттық өнердің жілігін шағып, майын ішкен М. Ержанов, Р. Бағланова, Ш. Жиенқұлова, Ж. Омарова, Ж. Елебеков, Р. Есімжанова, Ұ. Тұрдықұлова, М. Абдуллин сыңды сахна шеберлерінің салып кеткен сара жолымен бүгінгі таңда Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағанбетова, Тахмина Әшімбекова, Әлішер Кәрімов, «МузАрт», «Меломен» сынды өнер жұлдыздары сүрінбей жүріп келеді.
Алтынбек Қоразбаев басқарып отырған ұжым 2010 жылдың 12 қарашасында өздерінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейлі мерекенің қарсаңында үн таспа мен кітап жарық көрді. Аталған кітапқа құрылғанына 5О жыл толып отырған «Қазақконцерт» гастрольді – концерт бірлестігінің тарихы, ұлтымыздың мақтанышына айналған біртуар сахна тарландары мен өнер саңлақтарының ұрпаққа қалдырған еңбек-мұралары топтастырылған.
Суреттер "Қазақконцерт" бірлестігінің facebook-тағы парақшасынан алынды
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева