Алматыда қоғамдық көліктерде есептесуге арналған «Оңай» электрондық төлеу жүйесінің қосылғанына біраз болды. Жүйенің тиімді де, тиімсіз де тұстары бар. Алайда бүгінгі әңгіме ол жөнінде емес. Жаңаны жатырқамай қолданып жүргендер көп. Тек қынжылтатыны – автобустағы терминалдар орыс тілінде ғана қызмет көрсетеді. Еш аппаратта қазақ тілі жоқ.
Осы мәселеге қатысты оқырмандардан ұсыныстар мен шағымдар түсті. Ана тіліміздің, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі ресми тілден төмен тұрғанына шамданып, «Оңай» жүйесінің ақпарат алу бөліміне қоңырау шалдық.
Алғашқы қоңырауымызға жауап берген оператордың сөз саптауынан-ақ қазақ тіліміздің жағдайы мәз емес екені көрінді. Ол нақты жауаптан жалтарып, мәселені шешуді болашақтың еншісіне арта салды. Біз қазақ тілі нақты қай уақытта қосылатынын біліп алғымыз келді. «Біраз күте тұрыңыз», – деді ол. Межелі уақытта қайтадан қоңырау шалғанымызда «екі минуттан соң хабарласыңыз» деген дауысты естідік. Осылай 2 минут әуен тыңдап тұруға мәжбүр болдық.
Нақты ақпаратты үшінші рет телефон шалғанда ғана алдық. Оператор сөзіне сенсек, қазір барлық терминал жөнделіп жатыр. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап аппараттар қазақ және орыс тілінде қызмет көрсетуге көшеді. Қызметкерлердің уәдеге қаншалықты берік екені бірер айдан соң белгілі болады.
Сөзіміздің дәлелі ретінде мына видеоны ұсынамыз.