Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында «ӘРТҮРЛІ және ТЕҢ» атты қалалық байқау жарияланды. Байқау қоғамдық өмірдің түрлі саласындағы белсенді азаматтарды анықтайды.
«Қазақстанда мүгедектерге өздерінің шығармашылық, физикалық және ақыл-ой мүмкіндіктерін паш етуге тұңғыш рет кең мүмкіндік туды», - дейді ұйымдастырушылар. Байқау он аталым бойынша өткізіледі. Олар: «Үздік әлеуметтік жоба», «Кәсібі жөнінен үздік», «Үздік спортшы», «Жеңіске деген құштарлық», «Ақылдылар», «Үздік студент», «Үздік шебер», «Ең тату отбасы», «Алтын қауырсын», «Үздік би» және «Үздік орындаушы». Алғашқы екі аталым бойынша 18-45 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандар өтініш бере алады. Ал қалғаны 6-35 жас аралығындағы адамдар арасынан іріктеледі. Байқауға қатысушылар тамыздың 10-ына дейін Алматы қаласы еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына (Қонаев көшесі, 122-үй, 204, 209-кабинеттер) өтініш беруі қажет.
«ӘРТҮРЛІ және ТЕҢ» – республикалық конкурс. Алғашқы кезеңде ол еліміздің әр аймағында жергілікті деңгейде өткізіледі.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: gazeta.ru