«Жасыл Алматы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында кейінгі үш жылда мегаполисте жалпы пайдаланудағы жерлерге 643 мың жас көшет отырғызылды. Биылғы көктемде қаланың әр жеріне 143 мың түп ағаш егілген. Жасыл алқаптарды отырғызу жалғасып жатыр, күзде тағы 360 мың ағаш отырғызылады деп жоспарланған.
Алматыда жас өсімдіктерге қалай күтім жасалатыны, сондай-ақ олардың жасыл желекті қалай толықтыратыны туралы Алматы.tv арнасының тікелей эфирінде қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау департаментінің «Жасыл қор» мониторингі және басқару бөлімінің басшысы Олжас Жаныспаев айтып берді.
Олжас Жаныспаевтің айтуынша қазіргі күнде Алатау, Наурызбай және Түркісіб аудандарында ағаш отырғызу қарқынды жүріп жатыр.
«Бұл ағаштар барлық жерге егіледі. Айтап айтар болсақ, көшелер, жол жиегі, парктер мен скверлер жасылдандырылады. Ағаштарды отырғызу үшін түрлі акциялар өтікізіліп тұрады. Көшеттерді түрлі ғалымдармен кеңесе отырып таңдап алдық. Негізінен жоғарыда айтып өткен аудандарға акация, қайың сияқты ағаштар егілді», - дейді «Жасыл қор» мониторингі және басқару бөлімінің басшысы.
Олжас Жаныспаев ағаштардың құр отырғылып қана қоймай, жыл бойы мамандардың бақылауында болатынын айтады.
«Біз жылына екі рет мониторинг жүргізіп отырамыз. Мысалы көктемде егілген ағаштар жазда, күзде тексеріледі. Мысалы, биыл күн қатты ыстық болды. Соның саладрынан егілген ағаштардың 20 пайызы қурап қалды. Ағаштардың өспеуіне басқа да себептер болады. Соның бірі –кейбір аймақтарға судың жеткізілу қиындығы. Оның алдын алу үшін қазір біз тамшылатып суғару әдісін қолға алдық. Биыл жазда 2 мың ағаш тамшылатып суғарылды. Бұл бір жағынан ағаштардың дұрыс суғарылуына жол ашса, екінші жағынан суды үнемдейді», - дейді «Жасыл қор» мониторингі және басқару бөлімінің басшысы.
Шілдедегі халықпен кездесуінде Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы аңаштарды суарудың жаңа бағдарламасы әзірленетінін айтқан болатын.
«Қаладағы ағаштарымыздың 20-30 пайызы ауруға шалдыққан. Бұрынғы жылдары егілгендердің көбі тамырын жайған жоқ. Қазір қаладағы ағаштарды суару үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Қаланы 4 рет суару керек. Жазда ағаштарды суаруды көбейтеміз. Қалыпты суару жүйесін орнату қажет. Қалада қалыпты бағдарлама болады және жас көшеттерге ерекше көңіл бөлеміз», - деген еді әкім.
Олжас Жаныспаев қаланы суару бойынша осы жаңа бағдарламаға тоқталып өтті.
«Бұл жаңа бағдарлама арық суару жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қаладағы арық суару жүйесі жаңартылады, жаңадан арықтар қосылады. Осыдан кейін ағаштарды суару жеңілдей түседі. Ағаштарды отырғызу бір басқада, оны қуратпай өсіру екінші мәселе. Мысалы, көшетті отырғасын оның тамыр жайып кетуіне кем дегенде 3 жыл қажет. Осы үш жыл бойы оны баптап күтеміз», - деді Олжас Жаныспаев.
Маман қаладағы апатты жағдайдағы ағаштарды кесу туралы да айтты.
«Алматыдағы апатты жағдайдағы ағаштардың көпшілігі аулаларда орналасқан. Біз оларды белгілі заң бойынша кесеміз. Мысалы, бір ағаш кесілсе орнына 10 ағаш егілу керек деген қағида бар. Сол бойынша біз биыл апатты жағдайдағы 84 ағаш кессек, орнына 840 көшет отырғызамыз», - деді «Жасыл қор» мониторингі және басқару бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл Қазастан» ұлттық жобасын әзірлеп, 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасын берген болатын.
«Менің тапсырмаммен 2 миллиард түп ағаш отырғызылады. Қоршаған ортаға ешқандай оң әсері жоқ, қаражатты құр игеруді көздейтін жасанды шараларға жол бермеу қажет. Сондықтан ағаш отырғызуға лайықты орындарды анықтау үшін ғалымдармен және жұртшылықпен бірлесіп, кәсіби талдау жүргізген жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 2020-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.