- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Нью-Йоркте тұратын ұлты...
Нью-Йоркте тұратын ұлты қазақ полицей өз өмірі жайлы айтып берді
Нью-Йоркте тұратын ұлты қазақ полицей өз өмірі жайлы айтып берді. Ол Бруклиндегі метроның маңында көше бойында бір әйелді босануға көмектескеннен кейін танымал болған еді. Ол Esquire.kz басылымындағы "Қазақстандықтар Америкада" жобасының аясында қазақстандық режиссер Қанат Бейсекеевтің қысқа деректі фильмінің кейіпкері болды.
"АҚШ-қа сапарымыздың барысында Даниярмен кездесуді жөн көрдік. Ол бізге АҚШ-қа қалай келгенін және Нью-Йорк полиция департаментінің полиция офицері болу деген арманына жету үшін қандай қиын жолды жүріп өтуге тура келгенін айтып берді", − делінген фильмнің алғысөзінде.
"Күн сайын жұмысқа барасың, бірақ қандай постта тұратының, қандай адамдарды кездестіретінің белгісіз. Қайырымды адамдармен де кездесесің, кейде күш қолдануға тура келетін адамдарға да кез боласың. Жұмысым сондай − бақылау", − дейді Данияр Нұртаза.
"Мұнда мен алып бара жатқан зұлымдықты көрмедім. Ұнатпайтындарын көрсетуі мүмкін. Бірақ өздерінің қауіпсіздігін ойлап тұрғанымды негізінде түсінеді", − дейді фильм кейіпкері.
"Америка - мүмкіндіктер елі. Барлығына да мүмкіндік береді. Осында келуге бел будық. Өмір біз ойлағаннан да қиын болып шықты. Ешкім мұнда сені күтпейді", − дейді Данияр.
Оның айтуынша, Америкада полицейлер жұмысты өзгеше істейді. "Қазақстаннан айырмашылығы жер мен көктей. Полицейлерге деген қатынас басқа. Бұл жағдай 11 қыркүйек оқиғасынан кейін еді. Олар мұнда қаһармандар сияқты жүрді", − дейді ол.
"Полицей болу − абырой. Олар бұл жұмысты таңдай отырып, қатерге басын саналы түрде тігеді. Әр күні патрульге шығу алдында күніңнің қалай өтетініне сенім болмайды", − деп қорытындылады Данияр.
С. Ерсін