Н.Назарбаев: "Қазақстандықтар ЭКСПО-ның тиімділігін әлі сезіне алмай отыр"

Н.Назарбаев: "Қазақстандықтар ЭКСПО-ның тиімділігін әлі сезіне алмай отыр"

Қазақстан халқы EXPO-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізудің тиімділігін толық сезіне алмай отыр. Бұл туралы Ақордада облыс әкімдерімен өткен жиналыс барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.

«Меніңше, қазақстандықтар әлі сезіне алмай отырған сияқты... Бұл – тәуелсіздік жылдары Қазақстанның халықаралық деңгейде қол жеткізген ең үлкен жетістігі. Салынған ғимараттардың бәрі бізде қалады, олар жеткен жетістіктерді жалпы Қазақстан бойынша енгізу үшін қажетті үлкен зертханаға, ғылыми паркке айналады», - деді Мемлекет басшысы. 

«Барша әлем осы жолмен жүретін болады, сондықтан алдағы бес жылда барша әлем Қазақстан туралы айтатын шараның маңыздылығын тағы бір мәрте ескеріп өткім келеді», - деді Н.Назарбаев. 

ЭДСМ түсірген Astana Expo 2017 - The Great Expectation of Kazakhstan ролигі 
 

Президент көрмені өткізудің өзі ел үшін айтулы шаралардың біріне айналатындығын айтты. Соның барысында елордада ғылым мен техника саласындағы ең озық жетістіктер көрсетілмек. Ал көптеген қазақстандық осы болашақ экономикасын өз көздерімен тамашалау мүмкіндігіне ие болады. 


«Біз үшін ЭКСПО әр өңірге пайдасы тиетін тиімді мегажобаға айналуы тиіс. Ол өз кезегінде елдің инновациялық дамуына жаңа серпін береді», - деп атап өтті ел басшысы. 

Бұған дейін Астана қаласының EXPO-2017 көрмесінің иесі атанғандығын хабарлаған болатынбыз.

 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: worldofad.asia

Massaget