ХХ ғасыр ғалымдары ядролық қаруды ойлап тауып, әр түрлі сынақтардан өткізді. Сонымен қатар жаңа, жасанды энергияны шығаруы – адам ой-санасы мен ғалымдардың табиғат құпиясын жаулаған батылдығы. Ядролық энергияны игеру Англияда, Германияда, АҚШ-та басталды.
Ядролық қарудың алғаш сынақтан өткізілуі осыдан 64 жыл бұрын тамыздың 6 күні Жапонияның Хиросима қаласына америкалық «Малыш» атты бомба тасталуымен тарихта қалды. Тамыздың 9 күні Жапон елінің екінші қаласы – Нагасаки ядролық бомбаның құрбаны болды.
КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 миллион гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Семей полигоны Кеңес Одағының аса маңызды стратегиялық объектісі болды. Семей ядролық полигонының тәжірибелік алаңдарында 456 ядролық жарылыс жасалды. Семейде 40 жыл бойы сыналған ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түсті.
1989 жылдың 28 ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада — Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды.
Халықтың қолдауына ие болған Невада-Семей ядролық жарылыстарға қарсы халықаралық қозғалысы Семей ядролық полигонындағы сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қалың бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастады.
Осылайша қарсылық танытқан қазақ халқы өз дегеніне жетті. Ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасалды. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Сөйтіп 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды.