- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Наурыздың ақша қары...
Наурыздың ақша қары туралы не білесіз?
Көктем шығып, наурыз айы соңына таяса да еліміздің көп өңірінде күн суытып, қар жауып жатыр. Табиғаттың бұл тосынсыйын біреу күтсе, біреу күтпеген болар. Ал халқымыз наурызда жауған ақ ұлпаны – наурыздың ақша қары деп атайды. Ендеше наурыздың ақша қары туралы не білеміз? Айта отырайық.
Ел ішінде айтылатын сөзге құлақ түре жүрсек, әр мезгілде жауған қардың да тілімізде өз атауы бар екендігін байқаймыз. Қыс бойы жатқан қар кетіп, көктем шыға жауған қар құс қанаты деп аталады, сірә де, бұл сөз жыл құсының ұшып келер кезімен байланысты айтылса керек. Алғашқы жауған қардың бәрін емес, соның ішінде еріп кетпей тұрақтап қалатынын, қыс бойы жататын қардың басын жолдас қар деп атайды. Бұлардың ішінде қазақтың ерекше бөліп айтатыны – наурыздың ақша қары.
Наурыздың ақша қары – ауыз әдебиетінде де жырланған. Әдемілік пен сұлулықтың нышанына теңеледі. Мысалы, Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай, Ақ бетінің қызылы, Ақ тауықтың қанындай – деп жырланатын еді лиро-эпостық жырларда. Байқасаңыз, Жібектің сұлулығы қаңтарда немесе ақпанда жауған қарға теңелмеген, наурызда жауған ақша қарға теңелген. Бұл, әрине тектен-тек емес. Әдемілік пен сұлулықты паш ететін наурыздың ақша қары – көктемнің керемет көріністерінің бірі екені де анық.
Наурыздың ақша қары деген атау мезгілге қатысты айтылған. Қазақ халқы бұдан өзге қардың қалың немесе жұқа, жаңа мен ескі, қатты болмаса жұмсақ түсуіне байланысты да атау берген. Бұл туралы да айта кеткен жөн. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қар туралы қысқа ғана мынадай түсінік беріледі: «Қар — қыста жауатын, ақ түсті кристалдардан тұратын атмосфералық жауын-шашын». Ал қазақ халқының сөздік қорында қар атаулары жетерлік. Ендеше біле жүріңіздер.
Ақша қар — жаңа жауған таза қар.
Алақанат қар — бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай, жерге ала түскен қар.
Анжыр — қардың еріп қатуы. Қарғынға аралас қатқан қарлы мұз.
Боз қырау — күзгі күні тоңазудан болатын щық.
Жапалақ қар — ірі түйіршікті жапырақтап жауған қар.
Жылбысқы қар — ери жауған қар.
Көбік қар — жерге түскенде астыңғы қабаты ери беріп, беті көпіршіген жұмсақ қар.
Күпсек қар — қалың жауған ұлпа қар.
Күртік қар — беті қатқан, жаяу жүргенде ақсақ ойылатын қалың қар.
Қасат қар — ұзақ жатқан қалың қар.
Қиыршық қар — жентектелген түйіршік қар.
Қылау — ауадағы су буынан немесе салқын тұман тамшыларынан түрлі зат бетіне, ағаш бұтақтарына қонатын мұз қабаты.
Қырау — суық күзде тоңазыған дымқыл ауаның бір нәрсеге қар тәрізді ағарып қонған түрі.
Қырбық қар — жұқа жауған қар.
Мұздақ қар — үстін мұз торлаған, көкшіл түсті, беті жылтыр сырғанақ қар.
Омбы қар — ат бауырлайтын қалың қар.
Сонар қар — алғаш жауған қалың қар.
Сүрі қар — ерте түсіп, ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан нығыз қар.
Сіреу қар — ұзақ мезгіл мызғымай жатқан аяқ бастырмас, көлік жүрісіне бөгеу қатты қалың қар.
Ұлпа қар — түйіршіктері үлбіреген жеңіл үлпек қар.
Үйме қар — боранды жел сырғытып, бір жерге тау-төбе болып үйілген қар.
Үрме қар — жел үрлеп, жиынтықтанған тығыз қар.
Сурет: massaget.kz
О. Сансызбай