Ағымдағы жылдың 12-24 наурызы аралығында «Қазақ елі» алаңында «Наурыз мейрамы 2013» мерекесіне дайындық жүргізілетіндіктен, Тәуелсіздік даңғылы А.Байтұрсынов көшесінен бастап Ж.Нәжімеденов көшесіне дейін жабылады. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Қоғамдық көліктердің қозғалысын реттеу мақсатында, жол полициясы төмендегі бағыттар бойынша жүретін автобустарға өздерінің қозғалыс бағдарларын алдын-ала белгілеп алуын ұсынады.
"Тәуелсіздік даңғылының бойымен солтүстік-батыстан жүретін көліктер – Байтұрсынов көшесіне солға – Обаған көшесіне оңға – Ж.Нәжімеденов көшесіне оңға – Тәуелсіздік көшесіне солға – сонан-соң Ш.Қалдаяқов көшесіне оңға бұрылады.
Шәмші Қалдаяқов көшесінің бойымен оңтүстік-шығыстан жүретін көліктер – Тәуелсіздік көшесіне солға – Ж.Нәжімеденов көшесіне оңға – Обаған көшесіне солға – А.Байтұрсынов көшесіне солға – Тәуелсіздік көшесіне оңға бұрылады", - делінген таратылған ақпаратта.
Жалпы айтқанда, екі жақтан келетін көліктердің барлығы «Тәуелсіздік сарайын» айналып өтетін Қасым Аманжолов көшесіне бағытталады.
Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жоғарыда аталған бағдарлардың өзгергендігі туралы қоғамдық көлік жүргізушілерін ақпараттандыру бойынша барлық шараларды қабылдады.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: auto.gazeta.kz