Мұрат Бектанов ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалды

Мұрат Бектанов ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалды

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

"Бектанов Мұрат Кәрібайұлы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалсын", - делінген Ақорда хабарламасында.

Бектанов Мұрат Кәрібайұлы 1965 жылы 18 қыркүйекте Солтүстік қазақстан облысы Соколовка ауылында дүниеге келген.

 
1989-1997 жылдары мотоатқыштар взводының командирі, десанттық-шабуылдау взводының командирі, десанттық-шабуылдау батальоны барлауының бастығы, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі взводының, курсанттар ротасының командирі болған.

1997-1998 жылдары штаб бастығы - ШОБ командирінің орынбасары, кейін Қорғаныс министрлігінің жауынгерлік даярлық департаментінің офицері ретінде қызмет етті.

2000 жылы Қарулы Күштердің бас штабына Жедел жоспарлау департаментінің аға офицері ретінде кірді, 2005 жылы бас штабтың Әскери академиясының тыңдаушысы болып тағайындалды.

2007-2013 жылдары Қорғаныс министрлігі штаб бастықтары комитетінің жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары, кейін департамент бастығы болып жұмыс істеген.

2013-2016 жылдары Қазақстан Республикасы "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметін атқарды, 2016 жылы Қарулы Күштер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.

2019 жылдың сәуірінен бастап ҚР қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қарулы Күштері бас штабының бастығы болды.

Айта кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде, сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінен өрт шықты. Өрттің салдары алапат жарылысқа ұласты. Нәтижесінде 15 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жараланды.

Осы оқиғалардан кейін министрліктің баспасөз қызметі департамент басшысының отставкаға кетуге дайын екенін хабарлады.

"Бізде белгілі бір ереже бар –  бәріне бірінші басшы жауап береді. Бұған менің кінәм болмаса да, мен жауап беремін", - деді министр журналистердің сұрағына.

Бүгін түстен кейін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаев Ермекбаевтың отставкасын қабылдағанын айтты, кейін Ақорданың сайтында тиісті құжат жарияланды.

Т. Раушанұлы