Алматылық жас саяхатшы Сергей Бондаренко жуырда елге оралады. Әуеліде Мәскеуге жаяу бармақ болған жігіт райынан қайтып, автостоппен саяхатқа шыққан еді. Жол бойы өзі сияқты түрлі жиһанкезді жолықтырған ол екі ай ішінде Беларусь пен Украинаға барып, Ресейдің о шетінен бұ шетіне дейін жүріп өтті.
«Мәскеуге дейін жаяу сапар шегемін» деген Сергей Алматыдан 40 шақырым ұзағаннан кейін бұл ойынан бас тартып, діттеген жеріне автостоппен жетуді ұйғарған. Алдымен оны Амангелді есімді жүргізуші өзінің жүк көлігімен Астанаға жеткізді, үйіне қонақ қылып, алыс жолда саяхатшы екенін білдіріп жүру үшін оған Қазақстанның Туын сыйға тартты.
Бұдан кейін Сергейдің шынымен де жолы болды. Ту ұстаған жас жігітті жүргізушілер сөзге келместен Бурабайға, одан ары Петропавлға тегін апарды. Петропавлдан қырғыз автобусына отырып, Ресей шекарасынан өткен. Бұдан соң - Курган, Түмен, Невтеюганск, Мәскеу, Киев, Минск. Беларусь астанасында танымал мотосаяхатшы Геннадий Шатовпен кездесіп, оның Владивостокты бетке алған сапарына қосылды. Сөйтіп, ойламаған жерден Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейін жүріп шықты. 18-дегі жігітке бір күн ішінде есепсіз шопырмен танысуға тура келді.
«Жолға көп ақша алып шықпаған едім, жиі ашыққан кезім болды. Жүргізушілер тамақ алып беріп көмектесті. Пенза қаласында жаңбыр жауып, аяқкиімім су болды, келесі күні соны кептіріп қойып, жалаңаяқ жүрген едім, басқа көлікке отырарда ұмытып кетіппін. Сол көліктің жүргізушісі маған аяқкиім алып берді. Ол менің саяхатыма қатты қызығып, сүйсінумен болды. Жол бойы түрлі адам кездесті, ұялы телефонымды алып тайып тұрған жүргізушілер де болды. Бірақ тас жолда ешкім жолақы сұраған жоқ», - дейді Сергей. Владивостоктан соң өзі сияқты тағы екі жиһанкезді кезіктірген жігітіміз Бурятияға барды, енді Қазақстанға қайтқалы отыр.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров