Медеуде 8000 ағаш егіледі

Медеуде 8000 ағаш егіледі

«Медеу» территориялық парк аумағы маңында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жаңа Алатау» қоғамдық қоры «Медеу» шатқалында қылқан жапырақты ағаштарды отырғызу, жасылдандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде кезекті акцияны өткізді, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі 

Акцияға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, демеуші компаниялар өкілдері қатысты. 

Осы орайда сұхбат берген қала әкімі Ахметжан Есімов: «Белгілі табиғи катаклизмдерден соң, «Медеу» шатқалын қалпына келтіру мақсатында қала тұрғындары мен меценаттардың арқасында «Жаңа Алатау» қорына 160 млн. теңгеге жуық қаржы жиналды. Бұл қаржының бір бөлігі қар көшкінін ұстап тұратын конструкцияларды орнатуға жұмсалды. Ал қалған қаржы ерекше құнды Медеу шатқалын жасылдандыру акцияларына жұмсалатын болады», - деді. 

Өз кезегінде сөз алған «Жаңа Алатау» директорының міндетін атқарушы Айдар Балабеков: «Тауларымызды қалпына келтіреміз!» акциясы аясында бүгін 2500 Тянь-Шань шыршасы отырғызылды. 42 учаскеге отырғызылған бұл ағаштардың биіктігі 50- 100 cм. аралығында. Біздің тауларымызды қайта қалпына келтіруде азаматтардың патриотизмін ерекше атап өткім келеді. Барлық демеушілер мен қала жұртына рақмет айтамыз», - деп ағынан жарылды. 

Айта кетелік, жалпы Медеу шатқалында 8000 шырша отырғызылатын болады. Таулы жердің климат ерекшеліктерін ескере отырып, 4000 шырша көктемде, қалған 4000-ы күзде отырғызылады. 

"Қазіргі кезде Медеу шатқалында 890 шырша отырғызылған", - делінген таратылған ақпаратта.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: news.headline.kz

Massaget