Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің 3 курс студенттері Massaget.kz сайтының тілшілерімен кездесу өткізді. Жиында қазақ тілді электронды БАҚ туралы мәселелер қозғалды.
«Мультимедиялық интернет-журналистиканың қазақ аудиториясына ықпалы» атты мастер-классты аталған факультеттің оқытушысы Әйгерім Әлімжан ұйымдастырды. 3 курс студенті Айғаным Алипова таныстыру слайдын жасаса, өзінің қазақтың дәстүрлі әніне қатысты сайт жобасын Амангелді Сейітхан ұсынды.
Оның жобасы қазіргі таңда өте өзекті болып отырғаны және алдағы уақыттарда Massaget.kz сайтымен бірігіп жұмыс жасау көзделіп отырғаны жайлы Massaget.kz порталының контент-менеджері Еркебұлан Қайрахан айтып өтті.
Оқытушылар Жалғас Иманалиев пен Дана Байғожина қазақ интернет ресурстары жайлы пікір білдірді. Қазақ тілді сайттарында блогшылардың жазбаларындағы қателіктер туралы мәселе де айтылып, пікірлердің салмақты болмауы сөз болды. Қазақ интернет-қолданушыларының неліктен аз екені тұрғысында да сұрақтар болды. Massaget.kz сайтындағы "Бірге аударайық" айдары бойынша корей тілінен аударылатын әндер, фильмдер туралы сайт контент-менеджері Анар Мұстафина әңгімелеп берді. Қытай тіліндегі мақалалар мен Қытай интернет әдебиеті жайлы сайт журналисі Қайсар Қауымбекұлы ауқымды ой айтып, ұсынысын білдірді.
Сайт журналисі, блогшы Ардақ Құлтай блогосфераға қалай келгені жайлы, мақала жазудағы негізгі талаптар мен мәселелері туралы әңгімелеп берді.
Кеш соңында дәстүрлі ән айтылды.