- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Массагет сайты барша...
Массагет сайты барша қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтайды
Массагет сайты барша қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтай отырып, отандастарға рухани кемелділік тілейді. Еліміздегі әрбір шаңырақтың берекесі артып, әрбір үйге сарқылмас құт қонғай!
Айта кетелік, бүгінгі мерекемен отандастарымызды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та құттықтады, деп хабарлады Tengrinews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қымбатты отандастар! Сіздерді Ораза айт мерекесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам әлемнің барша мұсылмандары рухани тазаруға ұмтылатын Рамазан айының аяқталғанын білдіреді. Осы кезеңде қайырымды істер атқарып, біздің көмегіміз бен жанашырлығымызға зәру жандарға қамқорлық көрсетуге деген ізгі ниет пен ықылас арта түседі.
Ислам адамзат баласын татулыққа, тыныштық пен тұрақтылыққа үндейді. Осынау биік құндылықтар тек мұсылман қауымын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын да ынтымақтастыра түседі. Сондықтан Ораза айт барлық отандастарымыздың бірлігін арттыратын мереке болып саналады.
Қазақстан қоғамы өзінің бай рухани мұрасын, өзара сыйластық пен келісімге негізделген іргесі берік қарым-қатынастарын мақтан тұтады. Барша қазақстандықтарды осы дәстүрлерді барынша нығайтып, құндылықтарымызды әрдайым қастерлеуге шақырамын. Қасиетті Ораза айт халқымызға рухани серпіліс, шаңырақтарыңызға бақ-береке әкелсін", - делінген құттықтауда.
Массагет ұжымы Президентіміздің айтқан құттықтау сөзіне қосыла отырып, еліміздің әрбір азаматына барша жақсылықтарды тілейді.
Е. Қайрахан