- Негізгі бет
- Қазақстаным
- "Мәскеу" және "Сайран"...
"Мәскеу" және "Сайран" станциялары 2013 жылы салынып бітеді
Алматы метросының "Мәскеу" және "Сайран" станцияларының құрылысы 2013 жылдың желтоқсанында аяқталады. Осы орайда қала әкімі жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі әкімшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
"Алматыметроқұрылыс" АҚ директоры Мұрат Үкшебаевтың айтуынша, құрылыстың туннельдік бөлігі жоспар бойынша жүргізіліп келе жатыр. Ал "Сайран" станциясы салынады деп жоспарланып отырған аймақта бөгде ғимараттарды сатып алу және бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетелік, Абай және Тілендиев көшелерінің қиылысында орналасатын станция 2012 жылдың желтоқсанында салына бастайды.
Ал Абай және Өтеген батыр көшелерінің қиылысында орналасатын "Мәскеу" станциясының орнында қазіргі кезде су құбырлары, канализация, телекоммуникация кабельдері желілерін ығыстыру жұмыстары жүріп жатыр. "Құрылыс келесі айда басталып, бір жылдан соң аяқталады", - деді әкімшілік өкілдері.
Қала басшысы, сонымен қатар, құрылыс компаниясына келісілген кесте бойынша жұмыс істеп, станцияларды эксплуатацияға уақытында беруге қатты назар аудару керектігін баса айтты.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: kursiv.kz