- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Марқакөл - Табиғат-Ананың...
Марқакөл - Табиғат-Ананың сыйы
Марқакөл – ұшса қыран қанаты талатын қазақ даласының шығысында орналасқан әдемі көлдердің бірі. Суының мөлдірлігі мен көлді айналдыра қоршаған биік таулардың және әсем шыршалардың келбеті табиғатқа керемет көрініс береді.
Өзен атауын түсіндіру үшін жергілікті халықтың аузында айтылатын көркем аңызға құлақ түріңіз.
Ерте, ерте, ертеде шегі мен шеті жоқ ұлан-ғайыр далада қарапайым қойшы күнделікті әдетімен қой бағып жүреді. Бірде шөлдеген марқа қозы су іздеп, өз отарынан бөлініп кетеді. Ұзақ жол жүрген қозы жердің тесігін тауып алады да, су бар деген үмітпен еңкейе бергенде, аяғы тайып кетеді. Жүгіріп жеткен қойшы қозыны құтқармақ болып тартып ала бергенде, сол тесіктен су атқылап сала береді. Атқылаған су жер бетін жайпап, осындай әдемі өзен пайда болған екен.
Аңыз осылай сыр шерткенімен, геолог мамандарымыз мұнымен келіспейді. Олардың тұжырымы бойынша, өзеннің жасы мал өсірушілерден әлдеқайда үлкенірек, оның пайда болу кезеңі – мұз дәуірімен тұспа-тұс келеді.
Кейде Марқакөлді «Жүз өзен» деп атап жатады. Көлге 100-ге жуық шағын өзен мен бұлақтар келіп құяды, бірақ одан бір ғана Қалжыр өзені бастау алады. Көлге құятын өзендердің ірілері – Қарабұлақ, Матабай, Жиренбайтал т.б.
Марқакөл алғаш рет орыс саяхатшыларының арқасында ХІХ ғасырда ғана хатқа түседі. Тау бөктерінде орналасқандықтан, Марқакөлге жету тіпті ХХ ғасырдың өзінде қиындық тудырып жатты. Оның үстіне көлдің климаты адам үшін өте ыңғайсыз болып келеді.
Марқакөлге арнап түсірілген, Иннокентий Смоктуновский дыбыстаған «Озеро студеное, ласковое» атты деректі фильм көлдің танылуына үлкен әсерін тигізді.
Жағалауын қайың, қарағай, шырша өскен орманды алқап алып жатыр. Табан, сазан, аққайран, хариус, майқан, қара балық, теңге балық сынды балықтарға бай. Мұнда зоопланктонның 60 түрі кездессе, құстың ондаған түрі мекендейді. Табиғат-Ананың байлығын сақтап, қорғау мақсатында Марқакөл қорығы ұйымдастырылған.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Tiktok парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!