Қадірлі Массегет порталының оқырмандары! Бүгін Маңғыстау облысында орналасқан тарихи ескерткіш Шерқала туралы әңгіме-дүкен құрып, сол туралы кейбір қызықты ақпараттарды назарларыңыздан өткіземіз.
Шерқала Маңығыстау облылысының төсінде орналасқан тау түзілісі. Сырттай қараған адам оны әр нәрсеге ұқсатып жүр. Кейбіреулер төңкерулі кесеге ұқсатса, енді біреулер таудан кәдімгі киіз үйдің бейнесін көреді.
Шерқала Қаратаудың орталық және батыс жоталарының ортасында орналасқан тау түзілісі. Әйгілі жібек жолының қызып жатқан кезінде талайларға көлеңке, пана болған деседі. Кейбір аңыздар бойынша, бұрынырақта Шерқаланың төбесінде кішкене қалашық болған. Халық сол жерде өмір сүріп, дұшпандардың шабуылынан қорғанған екен.
Таудың солтүстік бөлігі үздіксіз соққан желдің әсерінен қажалып, өзгеріске ұшыраған. Осы желдің әсерінен оның жан жағынан пайда болған жеке түзілістерді де байқауға болады. Ал оңтүстік бөлігі мен шығыс жағы тік жарлы. Жоғарғы жағы тегіс, адамның жүріп-тұруына ыңғайлы. Таудың етегінде төбесіне апаратын үңгір бар. Бірақ жергілікті қариялардың айтуынша, онда адамның кіруі қауіпті. Аңыз бойынша ол жерде өлген адамдардың жандары өмір сүреді екен.
Осы жерде әйгілі суретші Тарас Шевченконың өзі келіп пленер жасапты. Поляк суретшісі Б. Залесский де осы жердің пейзажын қағазға түсірген.
Жергілікті ақындар болса:
"Шерқала таудың бөркі еді,
Айрақты таудың көркі еді," -
деп жырға қосқан.
Ал, қазіргі кезде Шерқала көптеген туристердің сүйікті орнына айналып үлгерді. Қысқасы, келе жатқан демалыстарда саяхаттаудың реті келсе, міндетті түрде Маңғыстау төсіндегі осы тарихи ескерткішті көріп, сергіп қайтуға кеңес береміз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!