Сіздің де, біздің де, бүкіл әлем халықтарының да ұғымындағы махаббат қаласы – Париж. Париж қаласындағы аты аңызға айналған махаббат мекендеріне қарап, осындай қорытындыға келуге әбден болады. Алайда, ару қаламыз Алматы да мұндай орындардан кенде емес. Мәселен, сіздерге бұған дейін қаладағы махаббат аллеясы, махаббат бағдаршамы, Көктөбе, Жас жұбайлар ескерткіші туралы аз-маз баяндап өткен болатынбыз.
Мәңгілік махаббат пен ғаламат ғашықтықтың нышаны бола алатын осындай мекендердің бірі – Алматыдағы аты аңызға айналған Есентай жағалауынан орын тепкен.
Қиялға сен де байсың, мен де баймын,
Арманға сен де, мен де құшақ жайдым.
Жүрек үнін паш етер "көпірі махаббаттың"
Жағасына шақырып Есентайдың...
Алдарыңыздағы «махаббат көпірінен» кез келген күні, әсіресе айлы түндерде қол ұстасқан қос ғашықтарды көруге болады.
Бұл жаққа сүйген жандар арнайы келіп, көпірдің темір тұтқаларына өздерінің есімдері қашап жазылған құлып тағып кетеді. Құлыпты көпір тұтқаларына бекіткен соң, екі ғашық өз сезімдерінің куәгері болып тұрған Есентай атаның сылдырлап аққан суына кілтті лақтырып жібереді.
Әдетте, мұнда демалыс күндері некелерін қиған жас жұбайлар келіп жатады.
Көпірде ілінген құлыптарға қарап, бұл жерге ат басын тіреушілердің тек қана ғашықтар емес, көпшілігінің нағыз достар, шын сыйлас жандар екендігін байқауға болады.
Қаншама жастардың бақытты сәттеріне куә болған Есекеңнің жағалауы сіздерді де күтеді. Мәңгілік махаббатты армандасаңыз, «махаббат көпіріне» жол тартыңыз!
Суреттерді түсірген және дайындаған: Айгерім Сматуллаева